Әлем чемпионаты: Шағын футболдан Қазақстан әуесқой құрамасы жартылай финалға шықты

Фото: Фото: pixabay.com

Шағын футболдан Қазақстан құрамасы Біріккен Араб әмірлігінің Рас-эль-Хайм қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында жартылай финалға шықты, деп хабарлайды Kazinform.

Әлем чемпионатына әуесқой спортшылар қатыса алады.

Ширек финалда қазақстандықтар Чехиямен шеберлік байқасты. Ойынның 6-минутында ел құрамасынан Александр Кислицын есеп ашса, одан кейін чехиялықтар қатарынан үш гол соғып кетті.

Екінші кезеңнің соңына таман қазақстандықтар қатарынан Бактияр Жушнов (40-минут) және Асланбек Аршкенов (41-минут) мергендік танытып, таразы басы теңесті.

Ойынның негізгі кезеңі мен овертайм 3:3 есебімен тең аяқталды. Ал пенальти тебуде қазақстандықтар (3:2) жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Ел құрамасы А тобында сынға түсті. Бұл кезеңде Гананы 7:0, Үндістанды 16:0, Біріккен Араб әмірлігін 2:1 есебімен жеңді.

Одан кейін жарыс сатысында Мексика, Чехияны қапы қалдырды.

Осылайша Қазақстан құрамасы жартылай финалға шықты. Қарсыласы Әзербайжан және Болгария жұбының жеңімпазы болады.