Әлем чемпионатында Канада мен Швейцария хоккейшілері 1/2 финалға шықты

Фото: Сhampionat.com

АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден әлем чемпионаты элиталық дивизионында жартылай финалға шыққан алғашқы екі құрама анықталды.

Қазірге дейін ширек финалда Канада Словакияны 6:3, Швейцария Германияны 3:1 есебімен жеңді.

Енді АҚШ пен Чехия, Швеция мен Финляндия құрамалары кездеседі.

Жартылай финал ойындары 25 мамырға белгіленген. Финал мен 3-орын үшін сайыс 26 мамыр күні өтеді.

Айта кетсек, биыл Қазақстан құрамасы элиталық дивизиондағы орнын бесінші жыл қатарынан сақтап қалды.

Қазақстандық хоккейшілер топтық кезеңде Франция мен Польшаны 3:1 есебімен жеңсе, Словакияға 2:6, Латвияға 0:2, Швецияға 1:3, Германияға 2:8, АҚШ-қа 1:10 есебімен есе жіберді.

Қазақстандық хоккейшілер 1998 жылдан бері әлем чемпионаты элиталық дивизионында ел намысын қорғап қайтты. Әзірге ең жоғары жетістігі – 2021 жылғы оныншы орын.