АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионаты жоғары дивизионында сынға түскен Қазақстан құрамасы сапында үздік ойыншылар анықталды.
Мұндай марапатқа Кирилл Ляпунов, Аслан Жүсіпбеков және Владимир Никитин ие болды.
Қазақстандық хоккейшілер әлем чемпионатында B тобында ойын көрсетті. Топтық кезеңде олар Швециядан 0:8, Чехиядан 2:14, Швейцариядан 4:5, Словакиядан 1:3 есебімен жеңіліп, плей-офф сатысына шыға алмай қалды.
Ал жоғары дивизионда орнын сақтап қалу үшін өткен ойында Германияға 3:4 есебімен жол берді.
Енді қазақстандық хоккейшілер алдағы жылы бірінші дивизионда сынға түседі.
Сондай-ақ жоғары дивизионында жартылай финалға шыққан құрамалар анықталды. Ширек финалдағы ойындарда Швеция құрамасы Латвияны 3:2, Финляндия Словакияны 5:3, АҚШ Швейцарияны 7:2, Чехия Канаданы 4:3 есебімен тізе бүктірді.
Енді 5 қаңтарда жартылай финалда Швеция мен Финляндия, АҚШ пен Чехия шеберлік байқасады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.