Қазақстандық жас хоккейшілер әлем чемпионаты жоғары дивизионынан түсіп қалды

АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден Қазақстан 20 жасқа дейінгі жастар құрамасы әлем чемпионаты жоғары дивизиондағы орнын сақтап қалу үшін Германиямен ойын өткізді.

Шайбалы хоккей
Фото: icehockey.kz

Кездесу барысында қазақстандық хоккейшілер алғашқы болып есеп ашты. Ойынның 4-минутында Асанәли Русланұлы көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Көп ұзамай германиялық Саким Шефер таразы басын теңестірді.

Ал 17-минутта қазақстандық Никита Ситников қайтадан өз құрамасын алға шығарса, екінші кезеңнің 22-минутында Артур Гросс басымдықты арттыра түсті.

Қарсыластар сапынан Максим Шефер 23, Эдвин Тропман 24- минутта қос гол соғып, қайтадан есеп теңесті.

Ойынның 44-минутында Юлиус Зумпф соққан шайба Германияға жеңіс алып келді.

Осылайша Қазақстан жастары қарсыласына 3:4 есебімен жеңіліп, бірінші дивизионға түсіп қалды. 

Қазақстан жастар құрамасы жоғары дивизионда тоғыз мәрте бақ сынады. Жоғары жетістігі – 1999 жылы алтыншы орын.

Қазақстандық хоккейшілер B тобында ойын көрсетті.

Топтық кезеңде олар Швециядан 0:8, Чехиядан 2:14, Швейцариядан 4:5, Словакиядан 1:3 есебімен жеңіліп, плей-офф сатысына шыға алмай қалды.

Қазақстан құрамасының ойыншылар тізімі төмендегіше:

Қақпашылар: Джохар Дударкиев, Владимир Никитин (екеуі – «Снежные барсы», МХЛ), Данил Лыткин («Барыс U18»)

Қорғаушылар: Роман Большедворский, Аслан Жүсіпбеков, Санжар Ибрагим, Глеб Решетько, Даниал Шақшақбаев, Мстислав Шипилин (барлығы – «Снежные барсы», МХЛ), Данила Беляков («Торпедо», Өскемен), Бейбарыс Оразов («Барыс», КХЛ)

Шабуылшылар: Абзал Әлібек («Филадельфия Ребелс», NAHL), Әділ Бейсембаев, Артур Гросс, Кирилл Канкин, Владимир Корчагин, Кирилл Ляпунов, Александр Мигунов, Асанәлі Русланұлы, Никита Ситников (барлығы – «Снежные барсы», МХЛ), Александр Ким («Бисмарк Бобкэтс», NAHL), Давлат Нұркенов («Эссят U20», U20 SM-sarja), NAHL), Егор Левковец (МХК «Барыс»), Асанали Саркенов (Спокан Чифс, WHL), Семен Симонов («Барыс»).

Соңғы жаңалықтар