АСТАНА. KAZINFORM - Сербияның Ниш қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында 1/4 финалға дейін жеткен қазақстандық 4 боксшыға ақшалай сыйақы берілді. Бұл жөнінде Қазақстан бокс федерациясы мәлім етті.
Жаһандық додада сайысқа түскен Жайна Шекербекова (54 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Жасмин Кизатова (66 келі) және Надежда Рябец (75 келі) осындай марапатқа ие болды. Сыйақының көлемі — 10 мың доллар.
Жарыс ережесіне сәйкес әлем чемпионы болған былғары қолғап шеберлеріне 100 мың, екінші орынға — 50 мың, үшінші орынға — 25 мың доллар беріледі.
Бүгін, 16 наурызда қазақстандық боксшылар арасынан финалда Назым Қызайбай (48 келі), Алуа Балқыбекова (50 келі), Виктория Графеева (60 келі), Аида Әбікеева (63 келі) және Елдана Тәліпова (81 келіден жоғары) бақ сынайды.
Ал, Анита Адишева (52 келі) мен Гүлсая Ержан (81 келі) алғашқы жекпе-жегінде жеңілсе, Наталья Богданова (70 келі) қола жүлде алды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.