Әлем чемпионатында қазақстандық гандболшылар Испаниядан жеңіліп қалды
Бүгін гандболдан әйелдер құрамалары арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Испаниямен кездесті, деп хабарлайды Kazіnform.
Қазақстандық гандболшылар G тобында сынға түседі. Қарсыластары — Бразилия, Испания мен Украина.
Алғашқы кездесуінде қазақстандық қыздар тәжірибелі Испания құрамасымен шеберлік байқасты.
Алғашқы минуттарда ел құрамасы есепте алда тұрды.
Дегенмен ойын барысында испаниялық гандболшылар басымдықты арттыра түсті. Нәтижесінде бірінші кезеңде олар 14:8 есебімен жеңді.
Екінші кезеңде де қарсылас құраманың басымдығы байқалып тұрды. Олар өз мүмкіндігін тиімді пайдалана білді.
Кездесуде қазақстандық гандболшылар қарсыласынан 17:34 есебімен жеңіліп қалды.
Енді ел құрамасы 1 желтоқсанда Бразилиямен шеберлік байқасса, 3 желтоқсанда Украинамен кездеседі.
Сондай-ақ, аталған топта Бразилия құрамасы Украинаны 35:20 есебімен сүріндірді.
Қазақстандық гандболшылар әлем чемпионатына жетінші мәрте қатысып отыр. Әзірге ең жоғары көрсеткіші — 2007 жылғы 18 орын.
Айта кетсек, әлем чемпионаты 1957 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін барлығы 14 құрама жеңімпаз тұғырына көтерілді.