НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сербия астанасы Белград қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында бүгін, 15 қыркүйекте еркін күрестен балуандар бозкілемге шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін еркін күрестен ел құрамасынан төрт балуан бозкілемге шығады. Олардың қатарында Сырбаз Талғат (70 келі), Болат Сақаев (79 келі), Азамат Дәулетбеков (86 келі) және Олег Болтин (125 келі) бар.
Сондай-ақ, қазақстандық Жәмила Бақбергенова чемпиондық атаққа таласады. Қарсыласы - АҚШ спортшысы Амит Элор.
Жәмила бұдан бұрын өзбекстандық Светлана Окназарованы айқын басымдықпен жеңсе, одан кейін румыниялық Александра Ангелдің осал тұсын тапты.
Ал Эмма Тисина (57 келі) поляк қызы Ангелина Лысакпен жұбаныш белдесуінде кездеседі. Жарыстың аталған сатысында жеңіске жетсе одан кейін моңғолиялық Даваахимег Эркхембаярмен қола жүлдені сарапқа салады.
Еске салсақ, бұдан бұрын грек-рим күресінен қазақстандық Айдос Сұлтанғали екінші мәрте қола жүлдегер атанды.
Фото: Getty Images
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.