Әлем чемпионаты: Грек-рим күресінен Исхар Курбаев «алтын» алды
Жетісу облысының өкілі 55 келі салмақта финалда әзербайжандық Фарид Садихлимен сынға түсті. Белдесу барысында жинақы қимыл көрсетті. Нәтижесінде қарсыласынан 5:1 есебімен басым түсіп, әлем чемпионы атанды.
Исхар алғашқы белдесуінде түрік Эмре Мутлудан, одан кейін түркімен Абдували Рахимбаевтан басым түсті. Ал жартылай финалда қырғыз Нуристон Суйоркуловты жеңді.
Сондай-ақ бүгін Аммандағы турнирде грек-рим күресінен Дінислам Сағитжан (63 келі) қола жүлде алды.
Бұған дейін еркін күрестен Ризабек Айтмұхан күміс иеленгенін жазған едік.
Айта кетсек, қазақстандық балуандар соңғы рет аталған жастағы спортшылар арасындағы әлем чемпионатында жеті жыл бұрын жеңіс тұғырынан көрінген еді. Сол жолы қостанайлық Тамерлан Шадукаев финалда франциялық балуанды қапы қалдырған еді.
Тоқсаныншы жылдардан бері қазақстандық балуандар арасынан аталған жарыста Әсет Иманбаев (2000, 2001 жылдар), Нұрбақыт Теңізбаев (2003) және Артур Үмбетқалиев (2009) чемпион атанды.