Ол бұл туралы өзінің фейсбук парақшасында жазды.
Айта кетейік, биыл грек-рим күресінен әлем чемпионаты 21-26 тамыз аралығында Париж қаласында өтеді. Олимпиададан кейінгі маңызды дода, әлем чемпионаты болғандықтан, әр елдің балуандары оған тыңғылықты дайындалуда.
«Олимпиада ойындарынан кейін көптеген балуандар салмақ дәрежелерін ауыстырып жатыр. Мәселен, біздің Алмат Кебіспаев бұрын 59 келіде күрескен болса, енді 66 келі салмаққа өтті. Оның орнына 59 келі салмаққа талантты балуан Мейрамбек Айнақұлов келді. Дәл осындай өзгерістер басқа да елдердің құрамаларында болып жатыр. Ресей командасының 75 келідегі екі дүркін Олимпиада чемпионы Роман Власов 80 келі салмақта өнер көрсетеді. Сондай-ақ, еркін күрес балуандары арасында кездесулер өте тартысты болмақ. 86 келі салмақта Рио Олимпиадасының чемпионы Абдулрашид Садулаев салмақ дәрежесін өзгертіп, 97 келіге ауысқан болатын, ол жерде Рио Олимпиадасының чемпионы американдық Кайл Снайдер бар, осы екі балуан арасындағы кездесуді күрес жанкүйерлері күтіп жүргені анық. Ақжүрек Таңатаровтың салмағында да жарыс тартысты болады. Бұл салмақта фаворит қазірше Италияның балуаны - Франк Чамизо. Менің ойымша, бұл әлем чемпионатында жаңа есімдер шығып қалуы мүмкін!», - деп жазды ол.