Әлем чемпионаты: Қазақстан велоспорт тарихында «спринтте» алғашқы медаль иемденді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық велошабандоз Андрей Чугай тректен жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатында қола жүлде еншіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

18 жасар көкшетаулық кейрин жарысында, яғни спринтерлік сайыс бойынша 3-орынды жеңіп алды.

 Андрей Чугайдың әлемдік біріншіліктегі жетістігін отандық велоспорт үшін атаулы оқиға деп айтуға болады. Қазақстан велоспорт тарихында әлем чемпионатында спринтер алғаш рет жүлделі орынға ие болды.

 Жарыстан кейін велоспорттан Олимпиадаға дайындық орталығының аға жаттырушысы Иван Сиваш журналистерге берген сұхбаында жарыстың өте қиын болғанын атап өтті.

"Барлығы 45 шабандоз қатысты. Андрей, негізі алғашқы іріктеуден өте алмай, жұбаныш жүрісінде ғана жолы болды. Ал одан кейін жартылай финалға өтті. Бәсекелестік өте жоғары болғандықтан, құлау да көп болды. Қуанышқа орай Андрей олардың арасында болмады. Барлығы да жоғары нәтиже көрсетуге талпынды. Үшінші орын үшін үш шабандоз таласқа түсіп, бір жолақтың бойымен жүрді. Алайда Андрей олардан біраз басым түсті", деді ол.

Сондай-ақ, аға жаттырушысы Иван Сиваш осы біріншілікке дайындықты қашан бастағанын да айтып берді.

"Негізі әлем чемпионатына дайындықты біз наурыз айында бастаған болатынбыз. Төрт халықаралық жарысқа қатысып, Қырғызстанда және Астанада біздің велотректе жаттығу жиындарында болдық. Байыппен дайындалдық. Жігіттер бірнеше ай бойы уйлерінде болған жоқ. Әлем чемпионатына екі жылға жуық әрі барымызды салып дайындалдық. Мысалы былтырғы жылғы әлем чемпионатында көрсеткіштің жылдан жылға жақсарып келе жатқаны байқалды. Ал биылғы жылы жүлделі орынды иемдендік. Менің ойымша, спринттен Қазақстанның болашағы зор. Қазіргі таңда спринтерлер саны көп емес. Таңдаулы шабандоздарды қоса есептегенде шамамен 10-12 адам. Алайда спринт жыл санап даму үстінде. Жалпы бұл беталыс  әлемдік велоспортта да байқалады», деп атап өтті аға жаттықтырушы.

 Тректегі велоспорттан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионаты Швейцарияның Эгль қаласында 15 тамыз күні басталды, ол 19 тамыз күні мәресіне жетпек. Әлем біріншіліге Ұлттық құрама сапында 14 жасөспірім мен жасөспірім қыздар аттанған болатын.