АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапонияда өтіп жатқан су добынан әлем чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы алғашқы кездесуінде Израильге есе жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлем чемпионаты 16-28 шілде аралығында Жапонияда өткізіледі. Дүбірлі дода биыл он алтыншы мәрте жалауын көтерді.
Қазақстан әйелдер құрамасы В тобында сынға түседі. Қарсыластары - Испания, Израиль және Нидерланд.
Алғашқы кездесуінде ел құрамасы Израильге 6:17 есебімен есе жіберді.
Енді олар 18 шілдеде Нидерландпен, 20 шілдеде Испаниямен шеберлік байқасады.
Қазақстан әйелдер құрамасы биыл оныншы мәрте әлем чемпионатында бақ сынап отыр. Әзірге ең жоғары жетістігі - 2001 жылғы сегізінші орын.
Сондай-ақ, дүбірлі додада еліміздің ерлер құрамасы А тобында АҚШ, Австралия, Грекиямен сынға түседі. Олар 17 шілдеде АҚШ, 19 шілдеде Грекия, 21 шілдеде Австралиямен шеберлік байқасады.
Айта кетсек, Жапонияда су спорты түрлерінен әлем чемпионаты өтіп жатыр. Оған қазақстандық төрт спортшы қатысады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.