АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапонияда өтіп жатқан су добынан әлем чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы алғашқы кездесуінде АҚШ-қа есе жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлем чемпионаты 16-28 шілде аралығында Жапонияда өткізіледі. Дүбірлі дода биыл он алтыншы мәрте жалауын көтерді.
Еліміздің ерлер құрамасы А тобында АҚШ, Австралия, Грекиямен сынға түседі.
Қазақстандық су добының шеберлері 17 шілдеде АҚШ құрамасымен кездесті. Кездесуде олар қарсыласына 5:18 есебімен жеңіліп қалды.
Енді қазақстандық спортшылар 19 шілдеде Грекия, 21 шілдеде Австралиямен шеберлік байқасады.
Ел құрамасына биыл тоғызыншы мәрте қатысып отыр. Әзірге ең жоғары жетістігі - 1998, 2015, 2017 жылдарда алған 11 орын.
Сондай-ақ, су добынан әлем чемпионатында еліміздің әйелдер құрамасы сынға түсіп жатыр. Қарсыластары - Испания, Израиль және Нидерланд.
Алғашқы кездесуінде ел құрамасы Израильге 6:17 есебімен есе жіберді.
Енді олар 18 шілдеде Нидерландпен, 20 шілдеде Испаниямен шеберлік байқасады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.