Әлем чемпионатына баратын гимнасшы қыздар анықталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жакартада өткен Жазғы Азия ойындарында көркем гимнастикадан топ жарған аруларымыз енді әлем чемпионатының жүлдесіне таласады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетінің хабарлауынша, аталған біріншілік 10-16 қыркүйек аралығында Болгарияның София қаласында өтеді.

Көркем гимнастикадан Қазақстан командасының бас бапкері Әлия Жүсіпова әлемдік додада сенім артылып отырған спортшыларды атады.

Жекелей сында кеше ғана Азия ойындарында топ жарған Алина Әділханова, Адиля Тілекенова және Даяна Әбдірбекова өнер көрсетеді.

Топтық жаттығуда Будник Джессика, Жанерке Дәулетқұлова,  Даяна Жакупова, Регина Сұлтанова, Анель Талғатбек және Айза Рустамқызы сынға түседі.

Еске сала кетейік, қазақстандық Алина Әділханова Азиадада жекелей сында чемпион атанды.

Сондай-ақ Адиля Тілекенова Даяна Әбдірбековамен бірлесіп топтық жаттығуда үздік шыққан еді.



ФОТО: Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі