Әлем чемпионатында қазақстандық боксшы Олжас Сүлейменов бірінші жекпе-жегінде жеңіске жетті
07:30, 28 Қыркүйек 2011
ТАНА. 28 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бакуде өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатының екінші күнгі сайыстары 52 келі салмақ санатындағылардың жекпе-жегімен басталды. Қазақстандық спортшы Олжас Сүлейменов мароккандық Абдельфаттах Нафильмен қолғап түйістірді.
Жекпе-жектің алғашқы раунды бірін-бірі байқау түрінде сылбыр басталғанымен, екінші минуттан кейін Олжас белсенді қимылға көшіп, раундтың соңына қарай соққыны үдетті, алайда мароккандық жақсы қорғана білді. Сөйтіп алғашқы раунды 1:0 есебімен Олжастың аз ғана басымдығымен аяқталды. Екінші раундта боксшылар алма-кезек шабуылға шықты. Бұл жолғы есеп 6:4 болып, айырмашылық ұлғая түсті. Соңғы раундта біздің боксшымыз қол жеткен табыстарын еселей түсіп, жалпы есеп 14:7 болып, ойын Олжастың жеңісімен аяқталды.
Бүгін 81 келі салмақтағы Әділбек Ниязымбетов молдовалық боксшы Владимир Челеспен сынға түседі.