АСТАНА. ҚазАқпарат - Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының үшінші ойын күнінде С тобындағы Мексика және Польша құрамалары кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесу барысында құрамалар терезесі тең деңгейде ойын көрсетті. Бір-бірінің қақпасы маңында шабуыл ұйымдастырып, гол соғатын мүмкіндікті іздеді. Десе де бірінші кезеңде ешқандай шабуыл нәтижесін берген жоқ.
Екінші кезеңде де ойын барысы дәл солай өрбіді. Ойынның 58-минутында Мексика қақпасына белгіленген пенальтиден польшалық Роберт Левандовски мүлт кетті.
Құрамалар 0:0 есебіне қанағат білдірді.
Еске салсақ, аталған топта бүгін Аргентина құрамасы Сауд Арабиясынан жеңілді.
Сондай-ақ D тобындағы Дания мен Тунис құрамалары тең тарқасты.
Ал аталған топтағы Франция мен Австралия кездесуі елорда уақытымен 01:00-де басталып, «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.