Әлем чемпионы Аида Имақанова: Тәуелсіз елдің намысын қорғау - үлкен бақыт

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «100 жаңа есім» жобасына Батыс Қазақстаннан ұсынылған жандардың бірі - Зеленов ауданы Белес орта мектебінің 11-сынып оқушысы, каратэден үш мәрте әлем чемпионы Аида Имақанова. «ҚазАқпарат» тілшісі жас болса да, қазірдің өзінде біраз биіктікті бағындырып үлгерген А.Имақановамен тілдескен еді.

- Аида, спортқа қалай келдің, алдымен соған тоқталсаң?

- Жеті жасымнан каратэмен шұғылданып, жаттығуға қатыса бастадым. Бұған ата-анам қарсы болған жоқ, қайта қуаттап, маған дем беріп отырды. Әкемнің жас кезінде күреспен айналысқаны бар, өзімнен кейін інім Исламбек өсіп келеді. Жалпы, отбасымызға спорт бөтен емес. Жаттығулар қанша қиын болса да, мойымауға тырыстым. Өйткені қандай табыс-жеңістің де төккен тер мен қажырлы еңбектің арқасында келетінін жақсы түсінемін. Алдымен аудандық, облыстық жарыстарда бақ сынасам, кейін республикалық додаларда талай рет жүлдегер атандым. Осы уақытқа дейін күміс пен қоланы айтпағанда, қырыққа жуық алтын медаль жеңіп алған екенмін. Қазіргі кезде спорт шеберлігіне үміткермін, қара белдіктің І дан иегерімін. Ел басына қиын-қыстау күн туғанда, Мәншүк, Әлия, Хиуаз апаларымыз Отанымды қорғаймын деп, қан майданға аттанса, бейбіт күнде тәуелсіз Қазақстан намысын қорғау  қандай бақыт десеңізші!

- Ендеше, басты табыстарың қандай?

- Ұлттық құрама сапында Түркия, Ресей, Жапония сияқты елдерде бақ сынадым. Өзге мемлекетте туымыздың көкке көтерілгенін көру - бақыт әрі үлкен мақтаныш. Алғаш рет 2012 жылы Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен әлем чемпионатына қатысып, чемпион атандым. Содан кейін 2015 жылғы тамызда Жапония астанасы Токиода Каратэ-до шотокан дүниежүзілік федерациясының 25 жылдығына арналған чемпионат өтті. Бұл турнирде әлемнің 37 елінен екі мыңнан астам спортшы бақ сынады. Осы жарыста жеті кездесуімнің бәрін жеңіспен аяқтап, екінші мәрте әлем чемпионы атандым. Ал биыл 23-25 маусымда Сербия астанасы Белград қаласында тағы бір дүниежүзілік дода өтіп, оған 23 елден екі мыңнан астам спортшы қатысты. Мұнда да бағым жанып, үшінші мәрте жеңіс тұғырына көтерілдім. Менің осындай табыстарға жетуім үшін рухани дем беретін әжем Зылиха мен тынбай жаттықтырып келе жатқан жеке бапкерім Фархат Жалмурзинге айрықша алғысымды білдіргім келеді.

- Аида, спорт сабағыңа кеселдік келтірмей ме?

- Жоқ, орайын келтірсең, бәріне де уақыт табуға болады. Бұған дәлел - каратэмен үзбей айналысып жүрсем де, мектепте оқу үздігімін. Терең білім алсам ғана жолымның жарқын болатынын түсінемін. Біздің елімізде оқуға да, спортпен шұғылдануға да толық жағдай жасалған. Сондықтан Абай атамыз айтқандай, «екі кеме құйрығын» қатар ұстап келемін.

Айта кетейік, Аиданың бапкері, Қазақстан JKS, WSKF өкілі,  5 дан қара белбеу иегері, ҚР спорт шебері, «Қазақстан Каратэ до Сетокай» ЖҚБ төрағасы, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Фархат Жалмурзин шәкіртінің болашағынан үлкен үміт күтеді. «Келешекте Аида Қазақстан құрамасы сапында жазғы олимпиада ойындарына қатысса екен деп армандаймын. Әзірге спорттың қай түрінен екенін білмеймін, бәлкім, таеквондодан бағымызды сынап көрерміз», деді Ф.Жалмурзин.