«Alem credit» интернет-платформасын ұйымдастырушылар іздестіріліп жатыр — Бас прокурор

АСТАНА. KAZINFORM — «Alem credit» интернет-платформасын ұйымдастырушылар іздестіріліп жатыр. Бұл туралы Құрылтай депутаттарының сауалына Бас прокурор Берік Асыловтың жауабында айтылған.

Фото: Максат Шагырбаев/ Kazinform

Оның мәліметінше, 2026 жылғы 13 тамызда Алматы қалалық экономикалық тергеп-тексеру департаменті «Alem credit» интернет-платформасының заңсыз қызметі фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Платформа цифрлық активтерде қарыз беруші ретінде көрсетілген. Бірақ іс жүзінде азаматтарға жедел, ақылы жəне қайтарымды шарттармен ұлттық валютада ақшалай қаражат берген.

— 8 заңды жəне 7 жеке тұлғаның шоттарын пайдаланғаны анықталды. Тінту жүргізілді, бақылаудағы ұйымдардың иелері, бухгалтерлер мен IT-мамандардан жауап алынды. Биыл 18 тамызында платформамен байланысты интернет-ресурстарға қолжетімділік шектелді. Қазіргі уақытта заңсыз қызметті ұйымдастырушылар, жəбірленушілер жəне пайдаланылған төлем құралдары анықталып жатыр. Тергеп-тексеру барысы Алматы қаласы прокуратурасының бақылауында тұр, — деді Берік Асылов.

Бас прокурордың мәліметінше, жыл басынан бері қылмыстық қудалау органдарының іс жүргізуінде заңсыз микроқаржы қызметі туралы 19 қылмыстық іс болған Оның 10-ы сотқа жіберілді, 4-еуі рақымшылыққа байланысты тоқтатылды.

Бұған дейін Құрылтай депутаты Юрий Ли берген қарызын 23 еселеп қайтаруды талап еткен кредиторларды жазалауды ұсынған еді.