Әлем халқы Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының 70 жылдығын атап өтуде

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Лондонда Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының 70 жылдығына орай салтанатты шаралар өтіп жатыр. 1945 жылдың 15 тамызында Жапония капитуляция жөнінде мәлімдеген болатын.

Трафальгар алаңындағы шіркеуде өткен шараға Ұлыбритания ханшайымы II Елизавета, оның жұбайы Филипп ханзада, премьер-министр Дэвид Кэмерон және басқа да лауазымды тұлғалар мен әскери қызметшілер, тұтқында болған сарбаздар, т.б. қатысты. Бұл күні соғыс кезінде майдан алаңында қаза тапқандар мен тұтқынға түсіп, қасірет кешкен жандарды достары, туған-туыстары еске алды.

Сондай-ақ бүгін еске алу шаралары Жапония, Қытай, Оңтүстік Кореяда өткізілді.

Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ мен мемлекет басшысы, император Акихито, бір минут үнсіздікпен соғыста опат болғандарды еске алды.

Атаулы дата қарсаңында С. Абэ Жапонияның Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі әрекеттері үшін тағы бір мәрте кешірім сұраған болатын. Алайда Қытай мен Оңтүстік Корея бұл мәлімдеменің шынайылығына күмән келтіріп, бұған қанағаттанбайтындықтарын білдірді.