Әлем көшбасшылары Трамп енгізген тарифтерге қалай қарайды

Фото: Фото: freepik

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп елдің барлық сауда серіктесіне 10 пайыздық баж салығын енгізетінін, сондай-ақ ондаған басқа елге баж салығын арттыратынын хабарлады. Reuters Трамптың бұл саясатына әлем көшбасшылары не дейтінін зерделеді.

Жапония премьер-министрі Сигэру Исиба

— Жапония — АҚШ-қа ең көп инвестиция салатын ел, сондықтан бізде (Вашингтон үшін) барлық елге біркелкі тариф қолданудың мәні қаншалықты дұрыс деген сұрақ туындайды. Біз Жапонияның ұлттық мүддесі үшін не жақсы екенін қарастыруымыз керек. Біз ең тиімді жауап табу үшін барлық нұсқаны қарастырып жатырмыз. 

Канада премьер-министрі Марк Карни

— (Трамп) Канада мен АҚШ арасындағы маңызды қатынастарды сақтап қалды. Алайда болат пен алюминийге салынатын баж салығы сияқты, фентанил салығы сақталып қалды. Біз бұл тарифтерге қарсы шаралар қолдану арқылы күресеміз, жұмысшыларымызды қорғаймыз және G7 елдеріндегі ең күшті экономиканы құрамыз.

Оңтүстік Корея президентінің міндетін атқарушы Хан Док Су 

— Жаһандық сауда соғысы шындыққа айналды. Үкімет дағдарысты еңсеру үшін барлық ресурсты пайдалануы керек.

Швейцария Президенті Карин Келлер-Зуттер

— Федералды кеңес алдағы қадамдарды тез арада анықтайды. Елдің экономикалық мүдделері басымдық, ал еркін сауда — басты құндылық болып қала береді.

Италия премьер-министрі Джорджа Мелони

— Біз АҚШ-пен келісімге келу және Батысты басқа ойыншылардың пайдасына әлсірететін сауда соғысын болдырмау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.

Бұған дейін Қытай АҚШ тарифтеріне байланысты жауап шараларын дайындап жатқаны хабарланған.