Әлем көшбасшылары Назарбаевты Тәуелсіздік мерейтойымен құттықтауда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай құттықтау жеделхаттары келіп түсуде, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Германия Федеративтік Рес­пуб­ликасының Президенті Йоахим Гаук өз құттықтауында Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бері қарқынды дамып келе жатқанын атап өткен.

«Көпұлтты Қазақстан қоға­мын­дағы бейбітшілік пен келісім елдеріңіздің өркендеуіне қолайлы жағдай туғызып отыр. Германия Қазақстанның сенімді серіктесі болып қала береді және демократия мен заңның үстемдігі жөніндегі саяси үнқатысуды жалғастыруға ниетті», - делінген жеделхатта.

Сондай-ақ, Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хе республикамыздың азаматтарын құттықтап, екі ел халқының достығы одан әрі нығая беруіне тілектестік білдірді.

«Қазақстан Президентінің өт­кен айдағы мемлекеттік сапа­ры елдеріміз арасындағы осы жылдарда үздіксіз дамып келе жатқан стратегиялық әріптестіктің одан әрі нығая түсуіне септігін тигізді деп ойлаймын. Қазақстан Республикасына баянды ғұмыр мен бақ-береке тілеймін», - делінген құттықтау жеделхатында.