Әлем кубогы: Астанадағы жарыста қазақстандық тағы екі боксшы жарысты жалғастырады
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада өтіп жатқан World Boxing аясындағы әлем кубогында бүгін, 30 маусымда ел құрамасынан тағы екі боксшы жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Алдымен Виктория Графеева (60 келі) шаршы алаңға шықты. Ол алғашқы жекпе-жегінде жапоиялық Аяка Тагучиді жарыс жолынан шығарды. Енді Виктория ширек финалда Еуропа ойындарының қола жүлдегері, түркиялық Өзер Гиземмен жекпе-жекке шығады.
Сондай-ақ ел құрамасынан Наталья Богданова (70 келі) әлем кубогын сәтті бастады. Үш раундттың қортындысы бойынша Наталья үндістандық Санама Чанудан басым түсті. Енді ол келесі кезеңде бразилиялық, Панамерика ойындарының чемпионы Мария Дос Сантос Варварамен жекпе-жек өткізеді.
Айта кетсек, бұдан бұрын Назым Қызайбай (48 келі) 1/8 финалда канадалық Приянхо Диллон, Анель Сакыш (54 келі) 1/16 финалда германиялық Татьяна Обермайерді қапы қалдырды.
Әлем кубогына 30 елден 300-ге жуық боксшы қатысады. Бұл Олимпиадалық WORLD BOXING ұйымының Қазақстандағы алғашқы жарысы болып отыр. Әлем кубогы жыл бойына бірнеше кезеңмен өткізіледі. Рейтингілік сайыста әр салмақ дәрежесінде жеңімпазға 300, екінші орынға 200, қос қола жүлдегерге 150 ұпайдан беріледі.
Дүбірлі дода 30 маусым-6 шілде аралығында елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді. Онда ерлер және әйелдер құрамалары жүлделерді сарапқа салады.