Әлем кубогы: Айбек Оралбай алғашқы қарсыласын ойсырата жеңді
АСТАНА. KAZINFORM - Астанада өтіп жатқан World Boxing аясындағы бокстан әлем кубогында қазақстандық Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізді.
Бұл жолы ол доминикандық Хосе Агустинмен жұдырықтасты.
Айбек бірінші раундтан бастап қарсыласына соққы жасауға мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде екінші раундта қарсыласын нокдаунға түсірді.
Екі дүркін Азия чемпионы Айбек Оралбай жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Еске салсақ, қазірге дейін Виктория Графеева (60 келі), Наталья Богданова (70 келі), Назым Қызайбай (48 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі), Серік Теміржанов (60 келі), Надежда Рябец (75 келі) қарсыластарын қапы қалдырды.
Әлем кубогына 30 елден 300-ге жуық боксшы қатысып жатыр. Бұл Олимпиадалық WORLD BOXING ұйымының Қазақстандағы алғашқы жарысы болып отыр.
Әлем кубогы жыл бойына бірнеше кезеңмен өткізіледі. Рейтингілік сайыста әр салмақ дәрежесінде жеңімпазға 300, екінші орынға 200, қос қола жүлдегерге 150 ұпайдан беріледі.