Әлем кубогы: Айбек Оралбай жартылай финалға жолдама алды

Фото: Қазақстан ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада өтіп жатқан World Boxing аясындағы әлем кубогында Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) жартылай финалға өтті.

Ширек финалда италиялық Диего Ленцимен шеберлік байқасты. Отандасымыз үш раундтың қорытындысы бойынша басым түсті. Айбек Оралбай кем дегенде Әлем кубогының қола жүлдесін қоржынға салды.

Сондай-ақ бүгін ел құрамасынан Наталья Богданова (70 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Айдана Забынбекова (57 келі), Махмуд Сабырхан (55 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі) жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Ал Серік Теміржанов (60 келі) қарсыласына есе жіберіп, жүлдеден тыс қалды.

Әлем кубогына 30 елден 300-ге жуық боксшы қатысып жатыр. Бұл Олимпиадалық WORLD BOXING ұйымының Қазақстандағы алғашқы жарысы болып отыр.

Әлем кубогы жыл бойына бірнеше кезеңмен өткізіледі. Рейтингілік сайыста әр салмақ дәрежесінде жеңімпазға 300, екінші орынға 200, қос қола жүлдегерге 150 ұпайдан беріледі.

Әлем кубогы 30 маусым мен 6 шілде аралығында өтеді.