Әлем кубогы: Махмұд Сабырхан жекпе-жек өткізбестен чемпион атанды

Фото: ҚР ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM - Астанада өтіп жатқан World Boxing аясындағы әлем кубогында Махмұд Сабырхан (55 келі) жекпе-жек өткізбестен чемпион атанды.

Әлем чемпионы Махмұд Сабырхан шешуші сында Жапония боксшысы Руи Ямагучимен шығуы тиіс болған еді. Алайда қарсыластың жарақатына байланысты жеңіс Махмұдқа берілді.

Енді финалда Алуа Балқыбекова (51 келі), Виктория Графеева (60 келі), Наталья Богданова (70 келі), Санжар Тәшкенбай (50 келі), Надежда Рябец (75 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Елдана Тәліпова (80 келіден жоғары), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) алтын жүлдені сарапқа салады.

Еске салсақ, бұдан бұрын Назым Қызайбай (48 келі), Бекзад Нұрдәулетов (85 келі) чемпиондық атаққа қол жеткізді.

Ал Нұрбек Оралбай (80 келі) финалда франциялық Йожерлен Сезарға есе жіберіп, күміс медаль алды.

Ал ел құрамасынан Ертуған Зейнуллинов (65 келі), Айдана Забынбекова (57 келі), Аида Әбікеева (65 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі) қола жүлдені қанағат тұтты.