НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жапонияның Нагоя қаласында шорт-тректен мәреге жеткен әлем кубогының үшінші кезеңінде Қазақстан ерлер құрамасы эстафеталық сында төртінші орынға ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандықтар 5 мың метрлік эстафетада А финалында Қытай, Оңтүстік Корея және Ресей құрамаларымен сынға түсті.
Үздік көрсеткіш көрсеткен қытайлықтар жеңімпаз атанса, кореялықтар екінші, ресейліктер үшінші орынға ие болды.
Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков жаттықтыратын шорттрекшілердің үздік төрттіктің қатарына ілігуінің өзін жақсы табыс деп есептеуге болады.
Жекелей қашықтықтарда қазақстандықтар В финалында ғана өнер көрсете алды.
Енді әлем кубогының төртінші кезеңі 6-8 желтоқсанда Шанхай қаласында өтеді.
Мұның бәрі алдағы жылғы әлем чемпионатына, сондай-ақ 2022 жылы Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиадаға дайындық болып есептеледі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан ерлер құрамасының жүлделі орын таласатынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).