«Әлем кубогы Сарыарқадан басталады» - республикалық басылымдарға шолу

- Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 14 қазан, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына жұ­мыс сапарымен келді. Таңертеңгілік Шымкент гар­низонындағы әскери қалашықты салтанатты жағдайда ашты. Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Бас қол­бас­шы­сы 35748 әскери бөлімінің командирі полковник Нұрлан Қа­шағановқа Жауынгерлік туды табыс етті. Елбасының оңтүстік өңірге жасаған сапары арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Отанымыздың әлеуеті оңтүстіктің өмірінен айқын көрінеді» деген тақырыппен берілген. Шымкент гарнизонынан кейін Мемлекет басшысы қа­ла­ның ежелгі бөлігінде бой көтер­ген "Тәуелсіздік" саяба­ғын аралады. Қала сыр­тын­дағы "Индустриялық аймақта" болды. Содан соң Қажымұқан атындағы орталық стадионның жанынан салынған жаңа жеңіл атлетика манежіне ат­басын тіреді.

«Мақала тақырыбындағы сөйлем АҚШ Президенті Барак Обаманың «Ядросыз әлем үшін» атты Астана форумына қатысушыларға Жолдауынан алынып отыр. Осы сөз кеше жиынның Семей және Курчатов қалаларында жалғасқан екінші күнгі іс-шараларында оған қатысушылардың пікір-лебізімен қайта жаңғырып, қуатты үнмен естіле бастады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Ядролық қауіпсіздік саласының лидері» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, «Ядролық қарусыз әлем үшін» халықаралық форумы Семейде «Өлімнен де күшті» монументінің басындағы 20 мың адам қатысқан Семей атом полигоны жабылуы­ның 20 жылдығына арналған бү­кіл­халықтық митингімен қорытын­ды­ланды.

***

Аптаның сәтті күнінде жиылатын мәжілісмендердің өткен аптада басы қосылмап еді. Бұл аптаның сәрсенбісінде де Мәжіліс үйі тым-тырыс. Осыған қарап «депутаттар тағы бір отырысты «қаза» жасай ма?» деп ойлап едік. Өйтпеді. Кешегі отырыста алдағы үш жылды қамтитын «2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы депутаттардың бірауыздан мақұлдауынан өтті. Осы жайт арқау болған мақала «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөмірінде «Дағдарысқа қарсы дайындық» деген тақырыппен басылды.

«Астанамыздың көрікті кешенінің бірі, халықаралық стандарттардың барлығына сәйкес келетін «Сарыарқа велотрегінде қараша айының 4-і мен 6-сы аралығында волотректен әлем кубогы өтеді», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі нөміріндегі «Әлем кубогы Сарыарқадан басталады» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, аталған байрақты бәсекенің бірінші кезеңі елордада жалауын көтерсе, екінші кезеңі желтоқсан айында Колумбияның Кали қаласында жалғаспақ. Ал қаңтар айында келесі кезеңнің эстафетасын Қытай астанасы Бейжің алмақ. Ең соңғы кезеңнің мәре сызығы 2012 жылдың ақпан айында Лондонда болмақ.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстан бокс федерациясы жолындағы жарыстың екінші кезеңінде кездесетін командалар анықталып, күні кеше кездесулер қай жерде өтетіні белгілі болды. Бұл бәсекелерге жанкүйлерлердің қызығушылығы ерекше. Өйткені еліміздегі 14 облыс және Астана мен Алматы қалалары жеке-жеке команда жасақтап, өзара күш сынасып, мықтылар мен осалдарды анықтайды. Ең бастысы, осындай жарыс ұйымдастыру арқылы бокс өнерінің қай өңірде даму барысы қандай деңгейде екенін аңғаруға болады. Мақала «Жетісулықтар жұлқынып тұр» деген тақырыппен берілген.

***

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмір­лік­терінің Президенті Абу-Даби әмірі шейх Халифа ибн Зайд Әл-На­хайянмен кездесті», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, кездесу кезінде екіжақты ын­ты­мақтастықтың жай-күйі мен перс­пек­тивалары талқыланды. Атап айтқанда, «Абу Даби - Плаза» ірі бірлескен жобасын іске асыру және инвестиция тарту туралы сөз болды.