Әлем медицинасындағы 2025 жылғы басты ғылыми жаңалықтар
АСТАНА. KAZINFORM — Kazinform агенттігі әлемдік медицина мен биомедициналық ғылымдағы өткен жылы ашылған маңызды жаңалықтарды назарларыңызға ұсынады.
Биыл медицина саласында бірқатар ірі жаңалықтар ашылды. Олар ауруды ерте анықтауға, қатерлі ісікті дәлірек әрі денсаулыққа қосымша зиян келтірмей емдеуге және регенеративті медицинаға деген сенімді күшейтуге мүмкіндік берді. Ісіктерге қарсы зияны аз дәрі-дәрмектер, адам өмірінде маңызды қызметтерді қалпына келтіретін құрылғылар мен импланттарға дейінгі жаңалықтар медицинадағы айқын серпілісті көрсетті. Басқаша айтқанда, медицина бұрынғыдай баяу жетілмейді. Денсаулық сақтау саласы енді көптеген ауруға бірдей қолдануға болатын жаңа технологияларға бет бұрды.
Қытайлық көз обырына қарсы дәрісі FDA-дың “сирек ауруларға арналған” мәртебесін алды
Қытайлық ғалымдар әзірлеген көз обырына қарсы жаңа препарат АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасынан (FDA) сирек кездесетін ауруларға арналған orphan drug мәртебесін алды. Бұл мәртебе тек өте сирек ауруларды емдейтін дәрілерге беріледі. Жаңа тәсілде “аптамер” деп аталатын арнайы молекулалар қолданылады. Олар қатерлі ісік жасушаларын дәл тауып, соларға жабысады да, ісікті жоятын дәріні тікелей жеткізеді. Осы арқылы сау тіндерге келетін зиян барынша азаяды.
Жануарларға жүргізілген тәжірибелер бұл препараттың көздегі ісіктің өсуін тиімді түрде тежейтінін көрсетті. Сонымен қатар қатерлі ісіктің бауыр, өкпе, сүйек және ми сияқты басқа ағзаларға таралу қаупі де төмендеген. Бұл әсіресе қатерлі увеал меланомасы кезінде аса маңызды. Өйткені бұл дерт әдетте тым кеш анықталып, бауырға тез таралады.
Қазақстан меланоманы емдеудің заманауи тәсілдерін әзірлеуге халықаралық деңгейде атсалысып жатыр
Бұл жылы қазақстандық ғалымдар меланоманың дамуына әсер ететін маңызды ақуыз – Raf ферментін зерттеді. Олар осы ферментті тежеуге арналған жаңа дәрілерді жасақтап, сынақтан өткізді. Бұл жұмыс меланоманы емдеуге бағытталған халықаралық зерттеулердің бір бөлігі. Жоба онкология саласындағы жаһандық медицинаның басты мақсаттарының бірін айқындай түсті. Негізгі мақсат – қазіргі дәрілердің шамасы жетпейтін ісіктерді жеңу және ісіктің өсуін тудыратын молекулаларды дөп тауып, тежеу. Зерттеу тобы қазір клиникаға дейінгі сынақтардың дайындығына ерекше мән беріп отыр.
Ғалымдардың айтуынша, бұл зерттеу меланоманы әр адамның жеке ерекшеліктеріне қарай емдеуге жаңа мүмкіндіктер ашады. Осылайша мамандар зертханада алынған нәтижелерді нақты клиникалық тәжірибеде тиімді қолдануға болатын дәрілерді жасауға ниетті.
AP2A1 ақуызы жасушаларды жасартудың жаңа тәсілі ретінде қарастырылып жатыр
Осака университетінің ғалымдары AP2A1 ақуызының жасушалардың қартаюына тікелей қатысы барын анықтады. Қартайған жасушалардың AP2A1 деңгейін төмендеткенде, жасушалар қайта жасарып, қартаю белгілері азайған. Ал жас жасушаларда бұл ақуыздың деңгейін арттырғанда, қартаю процесі жылдамдаған.
Ғалымдар бұл зерттеуде AP2A1 ақуызы мен оның integrin β1 ақуызымен өзара әрекетін бақылаған. Бұл болашақта жасушаларды қайта жасартатын, коллаген өндірісін көбейтетін және жасқа байланысты ауруларды азайтатын емдерді жасауға жол ашады. Дегенмен, зерттеу әлі аяқталған жоқ. Барлық тәжірибелер зертханада жүргізіліп жатыр.
Әлемде алғаш рет шошқаның бауыры адамға салынып, 10 күн бойы жұмыс істеді
2025 жылдың ең қызық технологиялық жаңалықтарының бірі – ксенотрансплантация жаңа жетістікке жетті. Қытайлық ғалымдар гені өңделген шошқаның бауыры адам ағзасында 10 күн бойы жұмыс істегенін хабарлады. Бауыр адам ағзасында болғанда ағза бауырды қабылдамау реакциясын көрсетпеген. Операция кезінде алты гені өңделген Bama мини-шошқасының бауыры қолданылды. Науқастың өз бауыры ағзасында қалған. Ал ғалымдар жаңа бауырдың қызметін, өт өндіру деңгейін бақылады. Бұл нәтиже гені өңделген жануарлардың мүшелері адам донорларын күтетін науқастарға уақытша көмек ретінде қолданылуы мүмкін екенін көрсетті. Дегенмен, мамандар ұзақ мерзімді толық алмастыру әлі болашақтың еншісінде екенін атап өтті.
Әлемдегі ең кішкентай жасанды жүрек 7 жасар балаға имплантацияланды
Балаларға арналған жүрек күтімі саласы да маңызды жетістікке жетті. Қытайлық дәрігерлер жүрегі толық істен шыққан 7 жасар балаға магниттік түрде суспендирленген екіқабатты жүрек қолдаушы құрылғыны орнатты.
Құрылғының салмағы – 45 грамм, диаметрі – 2,9 сантиметр. Бұл ең кішкентай әрі ең жеңіл жасанды жүрек ретінде белгілі. Бұл балалар медицинасында өзекті мәселені шешуге арналған. Бүгінде балаларға арналған донорлық жүректер тапшы. Ал ересектерге арналған құрылғылар балалар үшін қауіпті. Алғашқы күндері операциядан кейін балада жүрек қызметі жақсарды. Құрылғының кішірейтілген әрі дәл басқарылатын жүйесі жасанды қан айналымын қауіпсіз және тиімді етуге мүмкіндік береді.
Қарапайым қан талдауы Паркинсон ауруын алдын ала анықтауы мүмкін
Иерусалимдегі Еврей университетінің ғалымдары Паркинсон ауруын алғашқы белгілері пайда болмай тұрып анықтауға арналған, ағзаға зиянсыз қан талдау әдісін ұсынды. Бұл әдіс қандағы өте ұсақ генетикалық бөлшектерді талдауға негізделген. Ғалымдар қандағы осы ұсақ бөлшектердің мөлшерін салыстыру арқылы ауруды дәл анықтауға болатынын айтады. Қан талдауы Паркинсон ауруына тұқым қуалауы мүмкін адамдарда да тиімді тиімді нәтиже көрсеткен.
Зерттеу кезінде Паркинсонды емдеу үшін миға жасалатын арнайы процедурадан кейін қандағы осы ұсақ бөлшектердің өзгеретіні байқалды. Бұл олардың аурудың қаншалықты ауыр екенін көрсететін белгі болуы мүмкін екенін аңғартады.
Егер бұл әдіс ауқымды зерттеулерде расталса, Паркинсон ауруын емдеу тәсілі түбегейлі өзгеруі мүмкін. Дәрігерлер ауруды алдын ала анықтаса, ерте кезден емдеуге көше алады. Бұл біраз уақыттан бергі жүйке жүйесінің созылмалы ауруларын емдеудегі мақсаттардың бірі.
Фастфуд пен дайын тағамдар Паркинсонның ерте белгілеріне әсер етуі мүмкін
2025 жылы жарияланған тағы бір зерттеу Паркинсон ауруының алдын алу мәселесіне баса назар аударды. Ғалымдардың айтуынша, дайын әрі қатты өңделген тағамдарды көп жейтін адамдарда бұл аурудың алғашқы белгілері жиірек байқалуы мүмкін.
Зерттеу барысында мамандар адамдардың көп жыл бойы қалай тамақтанғанын және денсаулық жағдайын салыстыра отырып талдаған. Соның нәтижесінде фастфуд пен дайын өнімдерді жиі тұтынатын адамдарда Паркинсонға тән бастапқы белгілер жиі кездескен.
Зерттеушілер бұл тағамдар аурудың тікелей себебі деп нақты айта алмайтынын ескертеді. Алайда зерттеу тамақтану әдетін өзгерту арқылы ауру қаупін азайтуға болатынын көрсетіп, дұрыс ас мәзірі мидың ұзақ мерзімді саулығы үшін маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Заманауи медицина адамның қол-аяғын қалпына келтіруге бір қадам жақын: Аксолотльдің қайта қалпына келу құпиясы ашылды
Биыл регенеративті медицина жаңа серпін алды. Дәлірек айтсақ, аксолотльдің қалпына келу механизмі зерттелді. Ғалымдар аксолотльдің қандай мүшелерді қалай қалыпқа келтіретінін тексерген. Зерттеу барысында ретино қышқылы сигналдарының градиенттері (яғни бағыт беретін молекулалық сигналдар) мүшелердің орны мен құрылымын қалпына келтіруде маңызды рөл атқаратыны анықталды. Бұл сигналдарды өзгерту арқылы зерттеушілер нәтижені басқара алған, тіпті қосымша аяқ немесе қол өсіруге мүмкіндік пайда болды. Сонымен қатар, shox генімен жүргізілген зерттеулер адамның дамуы мен аксолотльдің регенерациясы арасындағы ұқсастықтардың барын көрсеткен.
Нәтижелер регенеративті ғылымдағы негізгі ойды күшейтті: адам ағзасында да осы молекулалық компоненттер бар, ал ұзақ мерзімді мақсат – жараларды ғана емдеуді емес, тіндерді тыртық қалдырмай, толық қалпына келтіру жолын үйрену.
Даун синдромының болашағы: CRISPR артық 21-хромосоманы түзетуге талпынып жатыр
Жапониялық ғалымдар зертханада CRISPR-Cas9 технологиясы арқылы Даун синдромына негіз болатын артық 21-хромосоманы жоюға болатынын көрсетті. Зерттеушілер ұрық жасушалары мен арнайы өңделген тері жасушаларында тәжірибе жүргізген. Түзетілген жасушаларда гендер қалыпты жұмыс істеп, жасушаның қызметі жақсарып, стресс белгілері азайған. Алайда зерттеу барысында технологияның қате нысанға әсер етуі (off-target effects) сияқты қиындықтары да анықталды.
Сонымен қатар, бұл жұмыс емдеу мен алдын алу арасындағы шекара, әлеуметтік және этикалық мәселелер жайында жаңа пікірталастар тудырды. Ғалымдар атап өткендей, генетикалық медицинадағы келесі кезең тек технологияға ғана емес, сонымен бірге оның реттелуі мен басқарылуына да байланысты.
HIV-ке қарсы жылына екі рет жасалатын ине: FDA ленакапавирді мақұлдады
Жылдың маңызды жаңалығы – АҚШ-тағы дәрі-дәрмек қауіпсіздігін бақылау ұйымы (FDA) ВИЧ-ке қарсы жаңа дәріні екі рет жылына жасалатын инъекция ретінде қолдануға рұқсат етті. Зерттеулер көрсеткендей, «Yeztugo» препараты ВИЧ-ке қарсы өте жақсы қорғаныс береді. Оны жылына екі рет алу жеткілікті болғандықтан, күнделікті қабылдайтын дәрілерге қарағанда ем қабылдау жеңілдеп, стигма азаяды. Дәріні көп адамға жеткізу үшін оның қолдану құқығы басқа компанияларға да беріліп, бірлесе жұмыс істеу жоспарланған.
Бұл қадам ғылымдағы жаңалықты халыққа жеткізуге көмектеседі, бірақ оны жүзеге асыру ғаламдық денсаулық сақтау жүйелері үшін қиын әрі маңызды міндет болмақ.
Көзді қайта қалпына келтірудің жаңа жолдары табылды
Ғалымдар адам көзі мен тіндерін қалпына келтіру үшін тұщы су ұлуларын зерттеді. Бұл регенеративті медицина саласында ешкім күтпеген әрі жаңа тәсіл, себебі алма ұлулары бірнеше апта ішінде көздерін қайта шығара алады. Ғалымдар бұл ұлу көздерінің кейбір бөліктері мен гендері адам көзіне ұқсас екенін байқаған. Оған қоса, зерттеу кезінде регенерация процесінде көптеген гендердің қызметі өзгерген. Олардың ішінде pax6 гені де бар. Ол көздің дамуы үшін аса маңызды. Ғалымдар бұл ұлуларды болашақта адам көзін қалпына келтіру үшін гендерді зерттеуге арналған үлгі ретінде қарастырмақ.
Лабораторияда жасалған адам терісі клиникада қолдануы мүмкін
Иран ғалымдары зерттеу барысында лабораторияда өсірілген адам терісінің моделін жасаған. Бұл модельде бірнеше тін қабаттары, иммундық жасушалар, шаш фолликулдары және қан тамырлары бар. Зерттеу тері трансплантациясы, жараларды емдеу және ауруларды зерттеу саласында болашақта жетістіктерге жол ашатынын көрсетеді.
Сондай-ақ псориаз, атопиялық дерматит және склеродерма сияқты ауруларға арналған терапияларды сынауға нақтырақ мүмкіндік береді.
Нақтырақ айтсақ, органоидтар мен тіндерді жасау әдістері енді бұрынғы қарапайым зертхана үлгілерінен гөрі, тірі организмге жақын күрделі құрылымды көрсете бастады.
Регенеративті ортопедиядағы жетістіктер: Коллаген гелі арқылы шеміршекті қалпына келтіру
Еуропада клиникалық тәжірибе мен зерттеулер зақымданған шеміршекті емдеуге арналған коллаген негізіндегі гидрогель құрылғысын қолдануды жалғастырып жатыр. Бұл әдісті артроскопия кезінде қолданғанда денеге аз зақым келтіріледі.
Сондай-ақ, оның қауіпсіздік деңгейі де жоғары. Сондықтан оны регенеративті ортопедияда стандартты әдіс ретінде қарастырып жатыр. Әсіресе, белгілі бір өлшемдегі зақымдар мен кейбір науқастар үшін тиімді.
Жаңа рецептор osteoporosis-ті емдеуде оң нәтиже көрсетті
Германиялық зерттеушілер GPR133 рецепторын сүйектің саулығын реттейтін маңызды құрылым ретінде қарастырып отыр. Олар AP503 деп аталатын дәрілік зат арқылы осы рецепторға әсер еткенде, тышқандардағы сүйек тіні нығайып, osteoporosis сияқты сүйек ауруларының белгілері азайған.
Osteoporosis – көбінесе жас ұлғайған сайын пайда болатын ауру болғандықтан, бұл зерттеу сүйек түзілуін қолдайтын және сүйектің ыдырауын азайтатын жаңа терапияларға жол ашуы мүмкін.
Сонымен қатар, бұл рецептор сүйек пен бұлшықетке байланысты процестерге де оң әсер етуі ықтимал.
Радиоактивті изотоптар онкологияны өзгертіп жатыр: актиний-225 және альфа терапиялардың дамуы
2025 жылы ядролық медицина саласы маңызды тақырыпқа айналды. Себебі зерттеушілер актиний-225 изотобын мақсатты радиофармацевтикалық препараттар үшін қуатты альфа сәулелендіруші ретінде көрсетті. Лютеций-177 изотопына негізделген дәрілердің нарықтағы табысынан кейін, зерттеушілердің назары альфа сәуле шығаратын изотоптарға ауысты. Олар микроскопиялық қашықтықта жоғары энергия береді, бұл қатерлі ісікті тиімді жоюға және қоршаған тінге аз зақым келтіруге мүмкіндік береді.
Негізгі шектеу – өндіріс көлемі. Өйткені оны жеткізу мәселесі ұзарады. Дегенмен, саладағы болжамдар бойынша, онжылдық соңына дейін бірнеше препарат мақұлдануы мүмкін.
Имплант көзі әлсіреген науқастардың жартылай көруін қалпына келтіреді
Клиникалық сынақта сымсыз фототальдық имплант ауыр «құрғақ» AMD науқастарының көру қабілетінің бір бөлігін қайта қалпына келтіргені туралы хабарлады. Бұл жүйе кішкентай имплант пен арнайы әйнектерді біріктіреді. Солай әйнектер камерадан алынған суреттерді инфрақызыл үлгілерге айналдырады.
Жүйе жоғалған фотосезгіш жасушаларды айналып өтіп, қалған торлы нейрондарды ынталандырады. Бірақ қара-ақ түстерді қабылдау мен сурет сапасына қатысты мәселелер бар. Нәтиже көрсеткендей, көруді қалпына келтіру тәжірибеден практикалық көмекші технологияға айналып келеді.
RNA-ны жою арқылы сирек бүйрек ісігін тоқтатудың жаңа тәсілі
Ғалымдар сирек кездесетін бір бүйрек ісігін емдеу үшін жаңа тәсілді сынап көрді. Олар RNA молекулалары ядро ішінде сұйық «тамшы» түзетінін анықтап, сол арқылы ісіктің дамуын қоздыратын гендерді қосатынын көрсетті. Зерттеушілер осы «тамшы орталықтарын» ерітуге арналған құрал жасап, оны зертханалық тәжірибе мен жануарлардағы модельдерде сынады. Нәтижесінде ісік өсуі тоқтады. Бұл әдіс бір түрге ғана емес, басқа қатерлі ісіктерде де қолданылуы мүмкін. Әсіресе балаларда жиі кездесетін фузиялық ісіктерде жаңа терапиялық стратегия ретінде үміт тудырады.
Эмбрионды өзгерту тақырыбы қайта қаралып жатыр: жеке сектор зерттеуді жалғастырады
2025 жылдың соңында эмбриондарды генетикалық түрде өзгерту туралы дау қайта көтерілді. Жеке компания тұқым қуалайтын ауруларды болдырмау үшін эмбриондарды өзгертуді зерттеуді ұсынды. Ғалымдар мен этик мамандар қауіпсіздік талаптарының маңызы мен күтпеген мутациялар бірнеше ұрпаққа жалғасуы мүмкін екенін ескертті.
Қазіргі таңда эмбриондарды тексеру арқылы кейбір ауруларды генетикалық өзгеріссіз алдын ала анықтауға болады. Бұл оқиға техникалық мүмкіндіктер мен заңдық бақылаудың арасындағы алшақтықты көрсетті. Мамандар бұл мәселе болашақта да биомедициналық саясатқа әсер ететінін айтты.
Қазақстан биомедицина саласында жаңа деңгейге көтерілді: Назарбаев Университетінде әлемдік стандарттағы зертхана ашылды
Қазақстан үшін 2025 жылдың маңызды оқиғаларының бірі – Назарбаев Университетінде әлемдік стандартқа сай ғылыми зертхана ашылуы. Бұл алдын ала клиникалық зерттеулердің толық циклін жүргізуге мүмкіндік береді. Шенеуніктер жаңа зертхананы инвестиция тарту, фармацевтикалық серіктестермен жұмыс істеу және Қазақстанның аймақтық ғылыми инфрақұрылымдағы рөлін кеңейту жолындағы қадам деп атап өтті. Бұл биомедициналық жетістіктер тек жаңалықтарға ғана емес, сонымен қатар оларды тексеріп, қолдануға мүмкіндік беретін ұлттық әлеуетке де байланысты екенін көрсетеді.
Жедел миелоидты лейкозды емдеудің жаңа бағыты табылды
Австралиялық зерттеушілер жедел миелоидты лейкоз (AML) жасушаларының өмір сүру үшін гем өндірісіне тәуелді екенін анықтады. Оған аурудың қайта пайда болуына жауапты жасушалар да кіреді. AML жасушалары өмір сүру үшін гем өндірісіне тәуелді. Егер бұл жол бөгелсе, жасушалар өледі.
Бұл өлім түрі «купроптоз» деп аталады және ол жасушалардағы мысқа байланысты жүреді. Бұл әдіс дәрі-дәрмекке төзімді AML жасушаларын жеңуге және аурудың қайта пайда болу мүмкіндігін азайтуға көмектеседі.
Сонымен қатар, зерттеушілер басқа жасуша энергиясын пайдаланатын жолдарды нысанаға ала отырып, бірнеше тәсілді біріктіріп емдеуді ұсынды. Бұл тәсіл қатерлі ісік жасушаларының белгілі бір энергияға тәуелділігін пайдаланып, жаңа емдеу әдістерін жасауға мүмкіндік береді.