«Көршің шақырғанда бір жеңіңді киіп, бір жеңіңді кимей бар» дейді халқымыз. Біз де шақыртуды ала сала жолға жиналдық. Әуелі Астанадан Үрімжіге дейін 3 сағаттай, одан Иу қаласына дейін 5 сағат көк жүзін көктей өттік. Ұшқан құс түгілі ұшақтың да қанатын талдырардай қашықтық... 5 мың шақырымды артқа тастап, діттеген шәрімізге жеттік.
Жолбасшымыз – елшілік қызметкері – Уаң Пеңбо мырза. Оған Иуде Белла есімді аудармашы әрі жолнұсқаушы қосылды. (Белла есімін туристерге ыңғайлы болу үшін алғанын кейін білдік, шын аты – Уаң Луси). Орта бойлы, қабағының қатпары бар, қараторы келген бикеш қазақ қызына қатты ұқсайды екен. Қытай халқында қалжыңдай сөйлеу қаншалықты қалыпты нәрсе екенін қайдам, алғаш танысқан сәтте-ақ «мына қалада адасып кетсем, әйеліме өзіңіз жауап бересіз» деп, өз басымды аманаттап үлгердім. Бипаз бикеш биязы ғана жымиып, бас изегендей болды.
«Әлемдік супермаркет»
Иу (Yiwu) – Қытайдың қиыр шығысындағы Чжэцзян провинциясының орталық бөлігінде орналасқан, 3,4 млн тұрғыны бар қала.
1980 жылдардан бастап Қытай үкіметі Иу қаласында еркін сауданы дамытуға ерекше жағдай жасаған. Салық жеңілдіктері, шетелдік сатып алушыларға арналған визалық жеңілдіктер және экспорттық рәсімдерді барынша жеңілдету қаланың жылдам өсуіне серпін берді. Бүгінде ол ұсақ көтерме тауарлардың әлемдегі ең ірі нарығына айналып, «Әлемдік супермаркет» деген атқа ие болды.
Иуде қала мэрінің орынбасары Тан Тан мырза түскі асқа шақырып, қонақ қылды. Келелі мәселені кеңесте ғана емес, дастархан басында да талқылау жалпы шығыс халықтарына тән мәдениет болса керек, вице-мэр түскі ас үстінде-ақ қаланың бар әлеуетін егжей-тегжейлі таныстырып үлгерді.
Иудің басты ерекшелігі ұсақ тауарларды көтерме бағамен бүкіл әлемге саудалайтындығында екенін айттық. Соның бәрі сатылатын алғашқы нүкте – 5 мамандандырылған сауда аймағынан тұратын Иу халықаралық сауда кешені екен. Бірінші сауда кешені 2002 жылғы қазанда ашылған. Кейіннен тағы 4-еуі пайдалануға беріліпті. Онда тауарлар таныстырылады, іскерлік келіссөз жүргізіледі, келісімшарттар жасалады.
Оған қоса 2025 жылы қазанда жалпы ауданы 1,25 млн шаршы метрді құрайтын жаңа Жаһандық цифрлық сауда орталығы (Yiwu Global Digital Trade Centre) ашылған. Бұл алтыншы орталық жасанды интеллект технологияларын, трансшекаралық электрондық коммерцияны және дәстүрлі сауданы интеграциялауға мамандандырылған.
Мұндағы 5 сауда аймағын аралап жүріп ондағы тауарлардың әралуандығына, әр сауда аймағының алыптығына таңдай қақтық. Сауда аймағын біздіңше «сауда үйі» деп те атауға болады, бірақ көлемі жағынан біреуінің өзін бір күн аралап тауыса алмайтындай үлкен. Сондықтан оны «Сауда қалашығы» деп те атайды екен.
Сауда-саттыққа қатысты мына мәліметтерге де еріксіз таңғаласың: Қалада ұсақ тауарлар сатуға арналған 8 млн шаршы метр сауда алаңы бар. Алып базарда күнделікті тұтыну тауарлары, ойыншықтар, шаруашылық бұйымдары, аксессуарлар мен кеңсе тауарлары секілді 2,1 млн-нан астам тауар түрі сатылады. Жалпы сауда бутиктері санының өзі 80 мыңнан асады.
2025 жылы қаланың сыртқы саудасының жалпы көлемі 836,5 млрд юаньды құраған: экспорт көлемі – 730,7 млрд юань, ал импорт көлемі – 105,8 млрд юань. Сауда-саттық 231 ел мен аумақты қамтиды.
Осы қаладан шыққан тауарлар «Иу – Шыңжаң – Еуропа» халықаралық теміржол желісі арқылы Орталық Азия және Еуропа елдеріне жеткізіледі. Мәселен өткен бір жыл ішінде 3005 жүк пойызы жіберілген. Жүк тасымалданатын теміржолдың бір бөлігі Қазақстан арқылы өтеді, яғни Иу қаласы мен біздің еліміз халықаралық сауда-саттық саласында тікелей әріптес. Мұны вице-мэр де атап өтті.
– Соңғы жылдары Қазақстан мен Иу қаласы арасындағы алыс-беріс, әріптестік және жалпы қарым-қатынас жақсы дамып келеді. Сіздердің елдеріңіздің жоғары сапалы агроөнімдерін, атап айтқанда ет, май және бидайды экспорттап, біздің жолға қойылған сауда желілеріміз арқылы бүкіл Қытайға таратуға мүмкіндік мол, - деді Тан Тан мырза.
Қорыта айтқанда, Иу қаласы әлем елдері үшін Қытай өнімдерін сатып алатын ең маңызды алаң саналады. Әсіресе ірі алыпсатарлар осы қалаға ағылатыны да содан. Сонымен қатар соңғы жылдары қаланы импорттық тауарларды Қытай нарығына енгізу алаңына айналдыру бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Иу медиа орталығы
«Түйенің танитыны – жапырақ». Бізге де басқасынан бұрын мұндағы әріптестеріміз, яғни журналистер қалай жұмыс істеп жатқаны қызық еді. Белла қыз бұл қалауымызды да айтқызбай білгендей, келесі бастап барған жері Иу қаласының конвергентті медиа орталығы болды.
Yiwu Media Convergence Center 2019 жылы «Иу шанбао» газеті мен қалалық телерадио кешенінің бірігуі нәтижесінде құрылыпты. Қазіргі уақытта мұнда 500-ден астам маман еңбек етеді.
Орталық баспа басылымдары, радио, телевизия, интернет-порталдары және мобильді қосымшалардың ресурстарын біріктіріп, ақпарат таратудың бірыңғай мультимедиялық жүйесін қалыптастырған.
Оның құрамына төрт телеарна, екі радиостанция, «Иу шанбао» газеті, Ai Yiwu мобильді қосымшасы, WeChat платформасындағы екі ресми арна, WeChat Channels платформасындағы төрт видеоарна, Douyin платформасындағы екі аккаунт және басқа да цифрлық ақпараттық ресурстар кіреді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Ai Yiwu медиа платформаларына жазылған пайдаланушылардың жалпы саны 6,5 млн адамға жеткен, ал қысқа видеолар платформаларында бір жыл ішінде 7 200-ден астам материал жарияланыпты.
Бір түсінгеніміз, мұндағы контенттің ауқымды бөлігі Иу қаласын әлем елдеріне танытуға, сауда-саттық әлеуетін насихаттауға және туристерді тартуға бағытталады екен. Негізінен тауар өндіретін елдің журналистикасы да соған бейімделе қызмет ететіні біз үшін таңсық құбылыс болды.
Қазақ мысы жеткізілетін соңғы нүкте
Иу қаласы әлемге ұсақ тауар шығарып қана қоймай, импорттық шикізатты Қытайға таратуда да үлкен рөл ойнайды. Мәселен, осы қалада ірі логистикалық компания түрлі шикізаттық тауарды, соның ішінде мысты шет елдерден тасымалдап, осында сақтап, кейін елдің түрлі провинцияларына таратады. Ал негізгі мыс жеткізуші ел – Қазақстан. Мұнда елімізден жылына 1 млрд доллардың мысы импортталады.
– Біріншіден, Қазақстанның географиялық тұрғыдан артықшылығы бар – жақын. Ол жақтан мысты «Қытай-Еуропа» теміржол желісі арқылы тасымалдаймыз. Екіншіден, қазақ мысының сапасы жоғары, - деді GKE Metal Logistics Co., Ltd. компаниясы Чжэцзян провинциясындағы филиалының бас директоры Джоу Тайдзун.
Біз барған нысан – Иу қаласының кешенді кедендік аймағы аумағында орналасқан ірі қоймасы екен. Компания негізінен Иу халықаралық құрғақ портын және «Қытай-Еуропа» теміржол жүк тасымалы бағыттарын пайдалана отырып, халықаралық сауда қатысушыларына жүктерді сақтау, тасымалдау саласында қызмет көрсетеді.
«Жер бауырлай ұшатын» пойыз
Иудегі екі күн көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Ендігі барар жер – Шанхай қаласы.
Иу мен Шанхай арасындағы 300 шақырымдай жолды жоғары жылдамдықты пойызбен жүріп өттік. Орташа алғанда 320-330 шақырым жылдамдықпен жүйткіген пойызда стақандағы су шайқалмайды. Сырттан қатты шуыл да естілмейді. Баппен баяу жүріп бара жатқандай сезілетін пойыздың терезесінен көз салған сәтте ғана қатты жылдамдықпен зулап бара жатқаныңды түсінесің. Бейне бір жер бауырлай ұшып келе жатқандай...
Бұл елде алғашқы жоғары жылдамдыққа арналған теміржол (Бейжің–Тяньцзинь бағыты) 2008 жылы пайдалануға берілген екен. Онда пойыздар сағатына 350 шақырым жылдамдықпен қатынай алады. Жиырма жылдай уақыт ішінде әлемдегі ең ірі жоғары жылдамдықты теміржол желісі қалыптасқан. Мәселен, 2025 жылдың соңына қарай елдегі теміржолдардың жалпы ұзындығы 165 мың шақырымға жетіпті. Оның ішінде жоғары жылдамдықты теміржол желісінің ұзындығы шамамен 50,4 мың шақырым.
Қытай теңіз қақпасы - Шанхай
Шаңқай түсте Шанхай теміржол вокзалына түстік. «Жүз естігеннен бір көрген артық». Бұл қала сәулет өнерінің бірегей ғажайыптары тоғысқан шаһар екенін талай естігенбіз. Міне, соны көзбен көріп, көркіне сүйсінетін де сәт туды.
Шанхай Қытайдың шығысында, Янцзы өзенінің бір сағасы – Хуанпу өзенінің екі жағасына жайыла орналасқан. Ал Янцзы арқылы Тынық мұхитынан кемелер тікелей шыға алады және мұнда әлемдегі ең ірі теңіз порттарының бірі орналасқан. Сондықтан да оны «Қытайдың теңіз қақпасы» деп атайды.
Қаланың бұдан бөлек те балама атауы көп:
- XX ғасырдың басында сәулеті, сән индустриясы және мәдени өмірі жағынан Еуропаға қатты ұқсағандықтан «Шығыстағы Париж» деп аталған.
- Қаланың сұлулығын, жылдам дамуын және Азиядағы маңызды қаржы орталығы екенін айшықтау үшін «Шығыс жаһұты» деп те атайды.
- Заманауи зәулім ғимараттары мен әлемдік экономикадағы рөлі үшін «Азияның Нью-Йоркі» деген де бейресми атау берілген.
Сондай-ақ Шанхай – Қытайдағы ең ірі экономикалық орталық. 2025 жылы қаланың тауарлар бойынша сыртқы саудасының жалпы көлемі 4,51 трлн юаньді құраған. Оның ішінде экспорт көлемі – 2,015 трлн юань, импорт көлемі – 2,495 трлн юань.
Қалада 16 әкімшілік аудан бар, аумағы – 6340,5 шаршы шақырым. 2025 жылы тұрақты тұрғындарының саны 24,9 млн адамға жеткен.
Шанхай біріккен медиахолдингі
Бұл қаладағы алғаш табалдырығын аттаған нысанымыз Шанхай біріккен медиахолдингі болды (Shanghai United Media Group, SUMG). Ол 2013 жылы екі ірі медиа холдинг — «Цзефан жибао» (Jiefang Daily) газеті мен «Вэньхуэй — Синьминь» біріккен баспа тобының қосылуы арқылы құрылған. Бүгінде SUMG Қытайдағы ең ірі медиабірлестіктің бірі және дәстүрлі әрі цифрлық бұқаралық ақпарат құралдарын интеграциялаудың үздік үлгісі саналады.
Медиахолдинг құрамына Қытайдың үш жетекші газеті — «Цзефан жибао», «Вэньхуэй бао» және «Синьминь ваньбао», сондай-ақ ағылшын тіліндегі Shanghai Daily газеті кіреді.
Сонымен қатар The Paper, Shanghai Observer, Jiemian News және CLS («Цайляньшэ») цифрлық жаңалық платформалары енеді. Жалпы 6 мыңнан астам қызметкері, әртүрлі тақырыптық бағыттар мен цифрлық форматтар бойынша жұмыс істейтін 250-ден астам мамандандырылған мультимедиялық редакциясы мен шығармашылық студиясы бар.
2025 жылы медиахолдингінің әртүрлі платформалардағы парақшаларына жазылған желі қолданушыларының саны 564 миллионға жеткен. Сондай-ақ Facebook, YouTube, X, Instagram және TikTok сияқты негізгі шетелдік әлеуметтік желілерде 73 парақшасы бар, ондағы жазылушылар саны 11,7 миллионнан асады.
Мұнда бір қызық құбылысқа куә болдық. Мәселен, холдингке қарасты экономика бөлімі дами келе бүгінде жеке бір экономикалық зерттеу институтына айналып кеткен. Адамдарға инвестиция салуға, биржада акциялар сатып алуға көмектесіп қана қоймай, түрлі экономикалық талдаулар жасайды екен. Осы қызметімен-ақ бүгінде қыруар қаржы тауып, холдингке табыс түсіріп отыр.
Шанхай қоғамдық дипломатия қауымдастығы
Жаңа күн жадырап атты, біздің де көңіл жай. Қайда барсақ та қоғадай жапырылып қарсы алып жатқан адамдар. Келгелі талай мекеменің, орталықтың жұмысымен танысып жатырмыз. Осының бәрі еліміздің беделінің, мемлекетіміздің Қытаймен орнатқан достық қарым-қатынасының арқасы, шығыстағы көршінің де бізде деген құрметінің белгісі деп түйдік. Бүгін де маңызды кездесу, білдей Шанхай қоғамдық дипломатия қауымдастығының төрағасы Чжоу Ханьминь мырзамен жүздесеміз. Бойды түзеп, ойды жинақтап, қонақүйден шықтық...
Чжоу Ханьминь мырза Қазақстанда болған, біздің елмен таныс адам болып шықты. Жылы жүзбен қарсы алып, сөзді өзі бастап кетті.
– Шанхай қаласы әлемнің барлық елімен байланысты нығайтуға мүдделі. 2017 жылы мен Астанада халықаралық мамандандырылған көрмеде болдым. Оның алдында 2010 жылы осы көрме Шанхай қаласында өткен болатын. Оған 190 ел мен 56 халықаралық ұйым қатысқан еді. Көрмені 73 млн адам тамашалады. Осы ауқымды іс-шараны өткізуге басқа елдермен қатар Қазақстан да қолдау көрсеткен болатын. Сондықтан Шанхай тұрғындары үшін сіздің ел етене таныс, - деді ол.
Сөз арасында қауымдастық төрағасы Қытайға сапарында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қытайша жетік сөйлегенін, оған жергілікті халық таңдана қарағанын да атап өтті. Сондай-ақ бүгінгі күнде де қытай тілін, мәдениетін тануға талпынып жүрген қазақ жастары аз еместігін айтты.
– Шанхай университеттерінде көптеген қазақ жастары білім алып жатыр. Мен бір жолы Фуданьда (Шанхайдағы беделді университет – ред.) докторантурада оқып жатқан қазақ азаматты жолықтырдым. Бірнеше күн бұрын Шанхай ғылым және технология университетінде болдым, онда да Қазақстаннан келген студенттерді кезіктірдім. Мен екі мемлекеттік арасындағы қарым-қатынасты халықтар достығының арқасында бекіте түсетінімізге сенімдімін, - деді Чжоу Ханьминь мырза.
Шанхай қоғамдық дипломатия қауымдастығын 2011 жылы 111 кәсіпорын мен ұйым және 122 жеке тұлға құрған.
Қауымдастық мемлекеттік дипломатияның ортақ мүдделеріне және Шанхай қаласының дамуына қызмет етеді. Қоғамдық дипломатия саласында зерттеулер мен тәжірибелік жұмыстар жүргізеді, халықаралық диалог пен ынтымақтастыққа арналған алаңдар қалыптастырады. Халықаралық конференциялар, тақырыптық семинарлар, шетелдік делегацияларды қабылдау, мәдени іс-шаралар және әртүрлі елдердің қоғам өкілдерімен кездесулер ұйымдастырады. Қауымдастық мүшелерінің қатарында сыртқы саясат мекемелері, трансұлттық компаниялар, бұқаралық ақпарат құралдары, Шанхай қалалық Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесі және басқа да ұйымдардың өкілдері бар.
«Шығыс інжу-маржаны» телемұнарасы
Шанхайдағы күндер кіл ресми кездесулер мен маңызды нысандармен танысудан тұрса, қаланы көріп, тамашалап үлгермесек, бір әттеген-ай іште кетер ме еді, кім білсін. Бағымызға орай сапарды жоспарлауға жауапты Уаң Пеңбо мырза ондай олқылыққа жол бермепті. Шанхайдың символына айналған атақты «Шығыс інжу-маржаны» телемұнарасына көтерілудің де сәті түсті.
Телемұнара Шанхайдағы Пудун жаңа ауданында, Хуанпу өзенінің жағасында орналасқан. Ол қытай қалаларының жаңғыруын бейнелейтін ең танымал нышандарының бірі. 1994 жылы 18 қарашада келушілер үшін ресми ашылған, ал 1995 жылғы 1 мамырда радио және телевизия сигналдарын тарату жұмысы басталған.
Жалпы биіктігі – 468 метр: 267 метр биіктікте айналмалы мейрамхана, 271 биіктікте бар, караоке залдары, ал 350 метр биіктікте шолу алаңы орналасқан. 2007 жылы «Шығыс інжу-маржаны» телемұнарасы Қытайдағы ең жоғары мемлекеттік «5A» туристік санатына ие болған.
Бүгінде мұнара Шанхайдың маңызды туристік және мәдени нысаны ғана емес, сонымен қатар қаланың тарихи өзгерістерін, заманауи инфрақұрылымын және халықаралық келбетін бейнелейтін өзіндік символы саналады.
Хуанпу бойында
«Шығыс інжу-маржаны» телемұнарасы жаңа Пудун ауданының, ал Пудун ауданы Шанхайдың көркі. Ал осы ғажайып сәулет өнерінің шоғыры тек Хуанпу өзенінен қарағанда ғана бар сұлулығын ашады.
Хуанпу өзені — Шанхай қаласындағы аса маңызды өзендердің бірі әрі қаланың тарихи-мәдени мұрасы мен заманауи келбетінің ажырамас бөлігі. Қытай тілінде оны қысқаша «Пуцзян» деп те атайды.
Өзен Дяньшаньху көлінің су жүйесінен бастау алып, Шанхайдың орталық бөлігі арқылы өтіп, Усункоу ауданында Янцзы өзеніне құяды. Оның ұзындығы шамамен 113,4 шақырымды, ал су жиналатын алабының ауданы шамамен 5 100 шаршы шақырымды құрайды. Қала аумағындағы өзеннің ені шамамен 300–770 метр аралығында өзгеріп отырады, орташа ені 360 метрге жуық.
Ғасырлар бойы Хуанпу өзені Шанхайдың сауда және порт қаласы ретінде қалыптасуы мен дамуына шешуші рөл атқарды. XIX ғасырдың ортасында Шанхай халықаралық сауда үшін ашылғаннан кейін өзен жағалауларында теңіз терминалдары, айлақтар, қоймалар, өнеркәсіп кәсіпорындары мен халықаралық сауда компанияларының өкілдіктері қарқынды дами бастады. Бұл Шанхайдың Қытайдағы ең ірі сауда-өнеркәсіп орталықтарының біріне айналуына ықпал етті.
Өзеннің батыс жағалауында XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы тарихи ғимараттарымен танымал әйгілі Вайтань жағалау ауданы орналасқан.
Бүгінде Хуанпу Шанхайдың заманауи келбетінің басты нышаны саналады. Оны халық арасында «Шанхайдың ана өзені» деп те атайды.
***
Екі ел арасында мемлекеттік деңгейдегі қарым-қатынас, дипломатиялық байланыс жақсы жолға қойылғаны бәрімізге белгілі. Десек те, бұл сапардан соң екі қоғам бір-бірін әлі де жете танымайды екен деген ой түйдік. Алда, мәдени, гуманитарлық байланыстар және халықтар достығы саласында атқарылуы тиіс қыруар жұмыс жатқандай сезіммен елге оралдық.