«Әлем. XXI ғасыр» манифесі - әлемді бейбіт дамытудағы маңызды құжат
Манифесте алғаш рет «өзіңді демилитаризациялау» үшін қандай қадамдар жасау қажеттігі айтылды. Мемлекеттік басқару кімнің қолында екеніне байланысты, оның сыртқы және ішкі саясаты жүргізіліп, соған сай ол ізгілікті үндейді немесе жамандық шашады.
Зайырлы, демократиялық, құқықтық мемлекеттер өзін өзі тоқтатып, теріс әсерге бой алдырмай, ыдыратушы күштерден гөрі біріктіргіш жасампаз әлеуетті арттыруы тиіс. Бұл ретте мемлекеттің ісіне барлық елдердің ізгі ойлы күштері, мемлекет, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен мәдениет өкілдері, зиялылар көмектескендері дұрыс.
Манифесте жаңадан «өлім себетін қаруларды ғарыш кеңістігіне, әлемдік мұхиттың бейтарап суларының түбіне қатысты және Арктикаға орналастыруға тыйым салатын жаһандық шешім қабылдау қажеттігі ұсынылады. Қазіргі уақытта бұл өте өзекті. Жаһандық жылынудың салдарынан мұздақтар еріп, Арктика бөліне бастады.
Көптеген сарапшылардың пікірінше, жақын арадағы 15-20 жыл ішінде ғарыш кеңістігін игеріп, оның ішінде Ай мен Марс және өзге планеталарды, астероидтар мен шығандағы ғарышты зерттеуге деген мемлекеттердің белсенділігі жоғарылай түспек. Осы себептен ғарыштық кеңістіктегі қимылдарды да құқықтық реттеу, оны бақылау қажеттігі туады. Ол жер бетіндегі бейбітшілікті сақтау мен ғарыштық соғыстарды болдырмаудың қажеттігінен келіп шығады.
Манифестегі маңызды ереже - БҰҰ аясында бейбітшілік пен тұрақтылық және қауіпсіздік бойынша Жаһандық коалиция құру. Жер жүзіндегі барлық мемлекеттер біріккен тұста, өзара сындарлы әріптестік қатынастар орнағанда ғана бір-біріне қарсы әскери блоктарға бөлшектенуге жол берілмейді. Әрине, келешекте бітімгершілік операцияларын тиімді жүргізу үшін, мемлекеттер арасында әскери қақтығыстарды болдырмау үшін БҰҰ бітімгершілік күштерін жаңғырту қажеттілігі туындайды.
Манифест - 2010 жылы сәуір айында Вашингтонда өткен І саммиттегі Елбасының сөйлеген сөзінің заңды жалғасы. Аталған саммиттегі Президент баяндамасында өте өзекті мәселе қозғалды. Содан бері алты жыл өтті. Шындыққа тура қарағанда, дүниенің жақсы жағына, жақсы бағытқа өзгеретін түрі жоқ. Керісінше, өткен жылдар ішінде Таяу Шығыстағы геосаяси ахуал тым шиеленісіп кетті. Ливияда, Сирияда соғыс оты өршіп, Ирактағы қақтығыстар елдің ыдырауына әкелді. Соңғы кезде ДАИШ тәрізді бүлдіргі күштер пайда болды. Қысқасы, қазіргі кезде әлем апатты жағдайда тұр. Бір жағынан әлемдік-өркениеттік тұрғыдағы проблема пайда болса, екінші жағынан Ирак, Сирия мен Пәкістанның 1,5 миллионға жуық халқы бас сауғалап, Еуропаға қарай ағылды.
Бүгінгі қатер бұрынғыдан да қауіптірек. Әлемде террорлық күштер ядролық қаруды қолға түсіруге жанталасып әлек. Мұндай ұмтылыс Нидерландта, Пәкістанда болды.
Нұрсұлтан Әбішұлы былай деді: «ХХІ ғасырға аяқ басқан адам баласы қиялдың өзін таңғалдыратын ғылыми жаңалықтар ашып, жаңа буын технологияларын жасап жатыр. Адамзат өз дамуының сапалы жаңа сатысына өтуде. Әлем Төртінші өнеркәсіп төңкерісінің табалдырығында тұр. Көптеген қорқынышты аурулардың тамырына балта шабылуда. Бірақ, соғыс вирусы халықаралық жағдайды ушықтыруын жалғастыруда. Ол бірқатар мемлекеттерде экономиканың өлім ұрығын себетін ең қуатты саласына айналып, әскери-өнеркәсіптік кешеннің әлеуетін арттырып отыр».
Адамзат бүгінде арнасынан асып-тасыған өзінің ақылының азабын тартуға айналды. Қарышты қадаммен дамыған ғылым мен техника алты құрлыққа бөлінген алып планетаға қауіп төндіріп тұр.
Манифест соғыссыз әлем құруға ұмтылған ұлы мақсаттан туындаған ордалы ойдың жемісі. Дүбірге толы дүниенің түкпір-түкпіріндегі түтіндеп жатқан терроризм ошақтарының көбейіп, қанды қақтығыстардың белең алғаны еске түскенде, бойыңды еріксіз үрей билейді. Әлемдегі әскери блоктардың бір-бірімен текетіресі тереңдей берсе, оның аяғы қайда апарып соғатынын ешкім болжай алмайтын жағдайға жеттік. Осындай алмағайып уақытта Қазақстан көшбасшысының ғаламдық деңгейіндегі көкейкесті мәселе көтеруі тарих бетінде таңбалануға тиіс аса маңызды оқиға. «ХХІ ғасырда адамзатқа өзін өзі демилитаризациялау жағына қарай шешімді қадам жасау қажет. Бізде мұндай басқа мүмкіндік болмайды.
Бұлай жасамаған жағдайда планета радиоактивті материалдардың орасан зор тіршіліксіз үйіндісіне айналады. Біздің планетамыз бірегей, бізде басқа ондай планета жоқ және болмайды», ендеше, ядролық қару иемденген империялар жанталаса қарулануды тоқтатып, бейбітшілік жолына бет бұрса, мынау аласапыран заманда аса қажет ақыл-ойдың салтанат құрғаны болар еді.