14:09, 18 Мамыр 2009
Әлем жұртшылығына арналған «Қазақстан балалары полигонға қарсы» акциясы өтпек
АЛМАТЫ. Мамырдың 18-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы әлем жұртшылығына арналған «Қазақстан балалары полигонға қарсы» деп аталатын акция ұйымдастырмақ.
Бұл жайлы бүгін Алматыда өтіп жатқан «ХХІ ? ядросыз ғасыр» деп аталатын халықаралық конференцияда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«20 жыл бұрын Олжас Сүлейменов ашық эфирге шығып, Семей ядролық сынақ полигонының зардаптары туралы ахуалды айтқан болатын. Бұл жұртшылық тарапынан қолдау тауып, 2 миллиондай қазақстандық қозғалыс мүшесіне айналды. Кейін ол әлемдік деңгейге көтеріліп, дүниенің түкпір-түкпіріндегі өзге ядролық сынақ алаңдарының жабылуына себепкер болды. Алайда, полигон жабылғанымен оның зардаптары әлі жойылған жоқ. Сондықтан біз алдағы уақытта «Қазақстан балалары полигонға қарсы» деген жаңа акция өткізбекпіз», - дейді «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті Майдан Әбішев. Оның айтуынша, бұл ұйым қазіргі таңда полигон маңындағы халықтың денсаулығы мен өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға күш салуда. Осыған байланысты бүгін қозғалыс басшысы конференцияға қатысушыларды алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарының басым бағыт-бағдарымен кеңірек таныстырмақ.