Әлемде 4,4 млрд адам тұрақты түрде суға қол жеткізе алмайды

АСТАНА. KAZINFORM – Швейцариялық зерттеушілер мен БҰҰ, ДДҰ сарапшылары орташа табысы төмен және орташа саналатын 136 елдің 4,4 миллиардтан астам тұрғыны БҰҰ-ның Жаһандық денсаулық сақтау мақсаттарында көзделгендей таза, қауіпсіз суға тұрақты түрде қол жеткізе алмайды деген қорытынды жасап отыр.

Фото: Kazinform

Ғалымдардың тұжырымдары Science ғылыми журналындағы мақалада жарияланды. Деректер 2020 жылғы болжамнан екі есе көп екенін атап өткен жөн.

«Таза және қауіпсіз суға қол жеткізу – БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының негізгі бағыты. Біздің есептеулеріміз көрсеткендей, табысы төмен және орташа елдердегі әрбір үшінші тұрғын таза суға тұрақты қол жеткізе алады. Проблема судың қалдық заттармен ластануынан туындап отыр», - делінген зерттеуде.

Зерттеулерге сәйкес, Оңтүстік Азия мен Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінде халықтың 75%-дан астамы таза суға тұрақты қол жеткізе алмайды екен. Мұнда су тұрмыстық және үй жануарлары қалдықтарынан ластанатын көрінеді.

БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру барысында аталған елдердегі көрсеткіштер жақсарып, әртүрлі ішек инфекцияларымен сырқаттанатындардың саны азаяды деп күтіліп отыр.