Бұл туралы бүгін өткен брифингте республиканың Бас санитарлық дәрігері Кеңес Оспанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
К.Оспановтың атап өткеніндей, A/H1N1 жұқпасын жұқтырудың үстіміздегі жылғы жаз айларында анықталған 17 оқиғадан кейін, республика аумағында аталмыш инфекцияның жаңа деректері тіркелген жоқ.
Маусымдық жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) бойынша жағдайға тоқталатын болсақ, ЖРВИ-ға қарсы үстіміздегі жылғы қазанның 1-нен бастап ел аумағында 355 мың адам егілсе де, бүгінгі күнге дейін оны 146 528 адам жұқтырып үлгерген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес уақытында 137 863 болды.
Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, қазір республиканың барлық өңірлерінде ЖРВИ-мен және тұмаумен сырқаттану жағдайына күнделікті мониторинг жүргізіліп отыр. Ал эпидемиологиялық жағдай күрделенер болса, ҚР Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың резервтегі қаражаты есебінен А/H1N1 тұмауына қарсы вакцина сатып алынатын болады. Бұл мақсаттарға 2,8 млрд. теңге қаражат қарастырылып та қойған.
«Қазақстанда да Денсаулық сақтау министрлігінің ғылыми-тахникалық институтының базасында пандемиялық тұмауға қарсы клиникалық зерттеулер жүргізілетін болады. Мемлекет оны жасап шығаруға жеткілікті қаражат бөлді», деді ол.
Айта кетейік, қазір ел аумағындағы әуежайларда, теңіз порттарында, темір жолдар мен автомобильдердің өту жолдарында қолайсыз елдерден келген жолаушыларды А/Н1N1 жағдайына тексеру жүргізетін 77 санитарлық-карантиндік бекет жұмыс істейді. Сонымен қатар, барлық медициналық ұйымдарда А/Н1N1 тұмауына күдігі бар науқастарды қабылдап, орналастыру үшін қосымша жағдайлар жасалуда.