Әлемде алғаш рет соғып тұрған жүрек сәтті ауыстырылды
АСТАНА. KAZINFORM — Тайвань Ұлттық университеті ауруханасының (NTUH) хирургтері тарихта алғаш рет соғып тұрған донорлық жүректі сәтті ауыстырды. Бұл туралы Fox News хабарлады.
Трансплантация кезінде жүрек оттегімен қаныққан қанды үздіксіз айдады. Дәстүрлі жүрек трансплантациясы криоконсервацияға (суықта сақтауға) негізделген. Мұндай жағдайда органға қан ағымы тоқтайды, бұл бірнеше сағат бойы оттегінен айырылған жүрек бұлшықетіне зақым келтіруі мүмкін. Мұндай трансплантацияда дененің жүректі қабылдамау қаупі бар.
Операциядан кейінгі асқынуларды да байқауға болады. Бұған жол бермеу үшін NTUH хирургтері органдарға күтім жасаудың арнайы жүйесін әзірледі. Ол донордың жүрегіне оттегімен қаныққан қанды үзіліссіз немесе тоңазытқышсыз жеткізетін портативті өмірді қолдау құрылғысы ретінде жұмыс істейді.
Бұл жүйе сорғылар, оксигенаторлар және резервуарлар арқылы жүректің денеден тыс жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
— Алғашқы ота кезінде топ арнайы құрылғыға жалғанған донордың жүрегін әлі соғып тұрған кезде операциялық бөлмелер арасында жылжытты. Жүрек трансплантациялаған пациент — дилатацион кардиомиопатиясы бар 49 жастағы әйел тез қалпына келді және жүрек бұлшықеті денсаулығының негізгі көрсеткіші саналатын жүрек ферменттерінің өте төмен деңгейін көрсетті, — делінген хабарламада.
Стэнфорд университеті мұндай трансплантацияны 2023 жылы бастағанымен, олардың әдісі органды трансплантациялау кезінде қысқа ишемиялық кезеңдерді (10-30 минут) қамтыды. Бірақ Тайвань хирургтерінің әдісімен жасалған трансплантацияда жүрек соғуын бір секундқа да тоқтатқан жоқ.
— Жүрек оны алғанға дейін де, одан кейін де соғуын жалғастырды және ол еш тоқтаған жоқ, — деді NTUH орган трансплантациясы тобының жетекшісі Чен Их-Шурнг.
Еске сала кетейік, Англияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметі жұмысын тоқтатқанын жазғанбыз.