Әлемде алғаш рет туу көрсеткіші халықтың өсу деңгейінен төмендеді

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылы әлемдегі туу көрсеткіші тарихта алғаш рет халықтың табиғи өсімін қамтамасыз ететін деңгейден төмендеді.

Фото: NOW-fertility

Бұл туралы АҚШ-тың Солтүстік-Батыс университеті мен Пенсильвания университетінің ғалымдары әзірлеген «Terra Incognita: The Economics of a Shrinking World» зерттеуінде көрсетілген. 

Зерттеуде: «2026 жылғы жағдай бойынша әлемдегі туу көрсеткіші халықтың ұдайы өсуін қамтамасыз ететін межеден төмендеген болуы мүмкін. Біздің білуімізше, мұндай жағдай бұрын-соңды соғыстар мен пандемиялар кезінде де болмаған», – делінген.

Демография саласында туу деңгейін анықтау үшін жиынтық туу коэффициенті қолданылады. Бұл – қазіргі туу көрсеткіші сақталған жағдайда, бір әйелдің өз ғұмырында дүниеге әкелетін балаларының орташа саны.

Дамыған елдерде халықтың табиғи өсімін қамтамасыз ететін көрсеткіш әдетте бір әйелге шаққанда 2,1 бала деп есептеледі. Алайда зерттеушілердің бағалауынша, әлем бойынша бұл көрсеткіш шамамен 2,2-ге тең. Мұндай айырмашылық нәресте өлімінің деңгейі мен дүниеге келетін ұл және қыз балалардың арақатынасындағы ерекшеліктерге байланысты. 

Экономикасы мешеу елдерде де туу көрсеткіші төмендеп келеді

Зерттеушілер қазіргі демографиялық үрдістің экономикасы жоғары елдермен ғана шектелмейтінін атап отыр. Орта және төмен табысты мемлекеттерде де туу көрсеткіші едәуір түскен. Бұл үрдіс табысы мен білім деңгейі төмен әйелдер арасында да байқалады.

Зерттеу барысында ғалымдар 1950-2023 жылдар аралығындағы 236 ел мен аймақтың деректерін талдады. Олардың айтуынша, әлемдегі туу көрсеткіші 1978 жылы ең жоғары деңгейге жеткен. Содан бері бұл көрсеткіш тұрақты түрде төмендеп келеді. Қазір әлемдегі туу деңгейіне кейбір елдердегі демографиялық үрдістердің әсері басым.

236 елдің 219-ында туу көрсеткіші төмендеп келеді. Әзірге бұл үрдістің бәсеңдейтін белгісі байқалмайды.

Фото: https://t.me/statistika_rasmiy/4034

Бұған не себеп

Зерттеушілер туу көрсеткішінің төмендеуін тек дәстүрлі себептерден іздеу жеткіліксіз екенін атап өтті. Олардың қатарында тұрғын үй бағасы, әйелдердің еңбек нарығындағы жағдайы, жүктіліктен сақтану құралдарының қолжетімділігі және әлеуметтік нормалардың өзгеруі бар. Ғалымдар бұл үрдістің басты себебі ретінде қазіргі замандағы кейбір қоғамдық түсініктерді атайды. Олардың пікірінше, бүгінде үшінші баланы дүниеге әкелу отбасы шығынын арттырады, ал баласыз өмір сүруді таңдағандардың машақаты аз.

Әлем халқының саны 2056 жылы ең жоғары көрсеткішке жетуі мүмкін

Қазіргі демографиялық үрдіс сақталса, әлем халқының саны 2056 жылға қарай ең жоғары деңгейге, яғни шамамен 9 млрд адамға жетуі мүмкін. Осыдан кейін халық саны біртіндеп азая бастайды.

Бұл болжам БҰҰ деректерінен айтарлықтай өзгеше. Ұйымның есебінше, әлем халқының саны 2080-жылдардың ортасында 10,3 млрд адамға жетеді.

Туу деңгейінің төмендеуі әлемдік экономиканы өзгертуі мүмкін

Мұндай демографиялық өзгерістер әлемдік экономикаға өз әсерін тигізбей қоймайды. Бұл үрдіс халықтың қартаюына, еңбек күшінің азаюына және әлеуметтік әрі зейнетақы жүйелеріне түсетін жүктеменің артуына әкеледі. Сондықтан халық санының қысқаруы алдағы уақытта маңызды экономикалық және әлеуметтік мәселеге айналмақ.

Зерттеушілер бұған мысал ретінде Жапонияны көрсетеді. 1991-2023 жылдары олардың ішкі жалпы өнімі жылына орта есеппен 0,79% ғана артқан.

Ғалымдар бұл үрдістің тиімді жақтары бар екенін де атап өтті. Халық санының баяу өсуі инфрақұрылымға, тұрғын үйге және қоршаған ортаға түсетін қысымды азайтады. Ал дамушы елдер білім беру саласына көбірек қаржы бағыттай алады.

Айта кетейік, бұған дейін Орталық Азиядағы демографиялық өсімнің экономикаға әсері туралы жазған болатынбыз.

                                                                                                                   Ақзат Жиеналина