Әлемде әрбір он бірінші жұмыс орны туризм саласында ашылып отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемде әрбір он бірінші жұмыс орны туризм саласында ашылып отыр. Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында еліміздегі туризм саласын дамыту перспективалары жайында баяндаған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев осылай мәлім етті.

«Жалпы туризм саласының әлемдік экономикадағы рөлі айтарлықтай маңызға ие. Мәселен, әлемде әрбір он бірінші жұмыс орны туризм саласында ашылып отыр. Сонымен қатар, жаһандық жалпы ішкі өнімде туризмнің үлесі тоғыз пайыздан асып, он пайызға жетіп келеді. Көптеген елдерде бұл көрсеткіш 20 пайызға тақап отыр. Халықаралық туристер саны жыл сайын артып, былтыр бұл көрсеткіш миллиард адамнан асып түсті», - деді Ә. Исекешев. Министрдің сөзіне қарағанда, осылайша туризм саласы көптеген елдердің әлеуметтік экономикалық дамуында негізгі қозғалтқышына айналған. Сонымен қатар, бұл сала экономиканы әртараптандыруда керемет нәтижеге, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына септік бола алады.

«Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, туризм қалыптасу барысында оған қаржылық та, заңнамалық тұрғыдан да мемлекеттік қолдау қажет. Мәселен, Біріккен Араб Әмірлігі мен Түркия секілді елдерде бастапқы мемлекеттік қолдау барынша кеңінен қамтылған. Соның нәтижесінде БАӘ-де соңғы он жылда осы салада қамтылғандар саны жүз мыңнан төрт жүз мың адамға жетіп отыр. Бұл ретте Үкімет тарапынан осы салаға қолдау 150 млрд. доллардан асқан болатын», - деді Ә. Исекешев.