Ол «қарапайым, бірақ негізгі қағиданы» еске салды: құндылығы бірдей еңбекке бірдей ақы төленуге тиіс.
— Әңгіме отбасын, кәсіпорындарды, қоғамдастықтар мен экономиканы қолдап отырған, алайда еңбегіне әлі де әділ сыйақы ала алмай жүрген миллиондаған әйел туралы болып отыр, — деді ол.
Унгбоның айтуынша, үкіметтер, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер бірлескен күш-жігер арқылы қазіргі әділетсіздікке негіз болып отырған құрылымдық кедергілерді жойып, еңбекақының тең болуын қамтамасыз етуге ықпал ететін заңнама мен институттарды нығайта алады. Әлеуметтік диалог, оның ішінде ұжымдық келіссөздер арқылы әйелдер еңбегінің төмен бағалану мәселесін шешуге, жалақы жүйесінің ашықтығын арттыруға, әділеттірек еңбекақы құрылымын қалыптастыруға және әйелдердің өз экономикалық өміріне қатысты шешімдер қабылдауға тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз етуге болады.
— Еңбек саласы түбегейлі өзгерістерді бастан өткеріп жатыр, алайда біздің қағидаттарымыз өзгеріссіз қалады. Бірдей еңбекке бірдей ақы төлеу — әрбір жұмыскердің құқығы, қағидаты, қадір-қасиеті мен әлеуметтік әділеттілігіне қатысты мәселе, — деді Жильбер Унгбо.
Гендерлік алшақтықты жою
«БҰҰ-Әйелдер» құрылымында құндылығы бірдей еңбекке бірдей ақы төлеу қағидаты тек әділеттілік мәселесі ғана емес, экономикалық дамудың маңызды шарты екенін атап өтті. Еңбекақыдағы гендерлік алшақтық әйелдердің өмір бойы табысының азаюына, зейнетақы жинақтарының төмендеуіне және әлеуметтік теңсіздіктің күшеюіне әкеледі.
«БҰҰ-Әйелдер» құрылымы мигранттар, мүгедектігі бар әйелдер, сондай-ақ нәсілдік және этникалық азшылық өкілдері сияқты неғұрлым осал топтардың жағдайына ерекше назар аударды. Олар үшін еңбекақыдағы айырмашылық көбіне одан да жоғары болады.
Ұйым мәлімдемесінде 2026 жылы еңбекақы теңдігі мәселесін ілгерілету бағытында белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілгені айтылған. БҰҰ-ның Әйелдер жағдайы жөніндегі комиссиясының 70-сессиясында үкіметтер, жұмыс берушілер және жұмыскерлер өкілдері әйелдердің еңбек нарығына толыққанды қатысуына кедергі келтіретін құрылымдық тосқауылдарды жоюға дайын екендерін растады.
«БҰҰ-Әйелдер» құрылымы гендерлік алшақтықты жоюға болатынын, алайда бұл үшін әрбір әйелдің еңбегін әділ бағалауды қамтамасыз ететін батыл шаралар қажет екенін атап өтті.
Бұдан бұрын WTA әйел теннисшілер үшін міндетті гендерлік тест енгізгенін жазғанбыз.