Әлемде бар уранның 20 пайызы Орталық Азияда жатыр — саммит
АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайындағы «Орталық Азия-Қытай» саммитінде Орталық Азия мен Қытай арасындағы көлік байланысының келешегіне тоқталды.
— Қазақстан Қытай Халық Республикасы мен Орталық Азия елдері үшін өңірдегі өзара көлік байланысын дамытудағы сенімді стратегиялық серіктес болып келді және болып қала береді де. Біз ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асырып, жалпыға ортақ экономикалық даму мен игілік жолындағы транзиттік мүмкіндіктерімізді кеңейту бағытында әрі қарай бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз, — деді Президент.
Мемлекет басшысы аймақтағы орнықтылықтың негізгі факторы энергетика саласындағы өзара іс-қимыл болып отырғанына тоқталды.
— Орталық Азияда уранның әлемдік қорының 20%-ы, мұнайдың 17%-дан астамы, табиғи газдың 7%-ы, сирек кездесетін металдардың ауқымды кен орындары шоғырланған, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, елордада «Орталық Азия — Қытай» ІІ саммиті өтіп жатыр. Іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысып отыр.
«Орталық Азия — Қытай» І саммиті 2023 жылдың 19 мамырында Қытайдың Сиань қаласында өткен еді.