«Әлемде бестікке кіріппіз» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 7 қараша, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Бүгінде еліміз аумағында үлкен халықаралық жоба жүзеге асырылуда. Жобаның атауы - «Түркілік геосаяси феномен: сабақтастықтың қайнар көзі», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.

Көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбеков пен тарих ғылымдарының докторы Айман Досымбаеваның жетекшілік етуімен қолға алынған жоба аясында түркі халықтарының саяси, экономикалық, мәдени дамуының әлемдік тарихтағы орны салыстырмалы түрде талданып, қазіргі Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттердің қалыптасуына әсер еткен этногеографиялық феноменнің қыры ашылуда.

Осыған байланысты басылым Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті түркология кафедрасының профессоры Айман Досымбаевамен сұхбаттасуды жөн көріпті.

«Біздің жобамыздың аты - «Түркілік геосаяси феномен». Бұл ауқымды жобаны қолға алғанымызға 3 жылдай уақыт болды. Осы уақыттан бері археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеміз. Бұл халықаралық жоба болғаннан кейін түркологтардың бастарын қосып, солармен бірге қазақ жерінде түркі халықтарының мемлекеттілігі қалай құрылды, қандай түркі халықтары тұрды, басқа елдермен қандай қарым-қатынастар орнатты деген сауалдар төңірегінде көп ізденіп, еңбек еттік. Мысалы, бұл - ежелгі Түркістан жерінен басталып Еуропаға дейін жеткен, түркі халықтары мекендеген жер. Біз татарлардың, чуваштардың, якуттардың, алтайлықтардың, қазақ жерінде тұрған ғұн тайпалары мен түргештердің, қарлықтардың, қарахандықтардың бір-бірімен қандай байланысы бар екендігін және осы жерлерді орта ғасырларда мекендеген түркі халықтарының Еуропа, оңтүстік Орал, бүгінгі Түркия мемлекеттерінің құрылуына қандай үлес қосқандығын зерттедік», - дейді А.Досымбаева «Дала феномені» деп берілген сұхбатта.

«Егемен Қазақстан» басылымы академик, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлының танымал ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Әбдуәли Туғанбайұлының тұлғасы жөнінде жазған мақаласын оқырман назарына ұсынады.

«Тағдырдың тарам-тарам жолдары мені бұл адаммен 1962 жылдың көктемінде табыстырған. Міне, содан бері 55 жылға таяу уақыт өтіпті. Бір институт қабырғасында тапжылмай қызмет етіп келемін. Ол кезде үлкендерге зер салып, сынай қарайтын жас кезіміз ғой. Сол сыни көзқарас кейін бірте-бірте сыйластыққа жетеледі. Сөйтіп, бұл адамның бүкіл саналы өмір жолында куәгердің біріне айналдым. Сол жылдар мені қандай ойларға жетеледі, нені ұқтырып, нені танытты?

Әлденеше жылдар бойы сенімді серікке айналған әріптес інісі ретінде мен бұл кісінің қабілет-қарымын, болмыс-бітімін, азаматтық кескінін ең басты үш кезеңге бөліп әңгімелегенді жөн санадым. Неге десеңіз, бұл үш кезеңнің үшеуі де Әбекеңді жауынгер жан, тамаша азамат, үлкен ғалым, белгілі қайраткер етіп қалыптастырған белестер тәрізді!», - деп жазады автор Өмірзақ Айтбайұлы «Ерліктермен жазылған ғұмыр» атты мақалада.

***

«Айқын» басылымының бүгінгі жарияланымында «Әлемде бестікке кіріппіз» атты мақала жарыққа шықты.

Дамыған елдерде биіктігі 80 метр, ал қалақшаларының ұзындығы 45 метрді құрайтын алып, аппақ жел турбиналары қалыпты жайтқа айналған. Газеттің жазуынша, көптеген қазақстандықтар тек кинодан ғана көрген осы әсем көрініс енді Қазақстанда да орнамақ.

«Бүгінде жаһандық көрме қарсаңында үлкен жоба қолға алыныпты: елордаға кіреберісте жүз шақты үлкен жел қалақшалары айналып тұрады. Сөйтіп, шетелден келетін қонақтарға ұшақ терезесінен осынау тамаша бейнені қызықтау ұсынылмақ», - делінген хабарламада.

- Қазақстанда жаңғыратын қуат көздерін (ЖҚК) қолдануды қолдау туралы заңы қабылданған, біз оны орындауға тиіспіз, - деді Энергетика министрі Владимир Школьник.

«В.Школьниктік сендіруінше, мемлекет қолға алған осы жүйелі шаралар арқасында салаға инвесторлар тартыла бастаған. «Сіздерге баяндаймын. Германия, АҚШ, Оңтүстік Корея, Словакия, Қытай және басқа да бірнеше елдің инвесторлары Қазақстанда ЖҚК объектілерін салу туралы ниеттерін білдірді. Елбасының тапсырмасымен, күн панельдерінің қазақстандық өндірісі жолға қойылды. Яғни кенішті игеруден бастап, ақырғы өнім шығарғанға дейінгі технологиялық цикл толығымен түзілді. Айтпақшы, бүкіл әлемде тек 5 мемлекет қана осындай толық циклге ие», - деп жазады «Айқын».

Келер жылы елімізде ислам ипотекалық компаниясы құрылады. Бұл Қазақстан нарығына ислам ипотекасы әкелетін бастама деуге болады. Сонымен бірге алдағы уақытта еліміздегі ислам банктері шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыруға көңіл бөлмек. Бұл жөнінде «Айқын» газеті жазды.

«Ислам ипотекасы туралы жаңалық жоғары пайыздық мөлшерлемемен ипотекалық несие беріп отырған екінші деңгейлі банктерді тәубесіне келтірер деген дәме бар. Себебі, ислам ипотекасы пайызсыз берілетінімен ерекшеленеді. Қысқаша түсіндірсек, сатып алушы жылжымайтын мүліктің белгілі бір бөлігін иемденіп, қалған бөлігін толық сатып алғанға дейін банктен жалға алады екен. Жалақысы мүлік құнына өтелген қаржы болып есептеледі», - делінген мақалада. Толығырақ «Қазақстан нарығына ислам ипотекасы келеді» атты материалдан оқи аласыздар.

***

«Түркістан» басылымы Қазақ мемлекетінің 550 жылдығында орын алатын шаралар кешені жайында «Еншісін алған еркін ел» атты көлемді мақала ұсынып отыр. «Тәуелсіздік таңы атқан соң тарихымыздың асығы түгенделіп, Қазақ елінің өткенін сан-саққа жүгіртіп жүргендер сабасына түсті.Елбасымыз Қазақ хандығының 550 жылдығын жоғары дәрежеде атап өтуге айрықша көңіл бөліп, Мәдениет және спорт министрлігіне тиісті тапсырмалар берген болатын. Үкімет отырысының қорытындысы бойынша ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ведомоство басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы БАҚ өкілдерін мерейтой аясында ұйымдастырылатын шаралар кешенімен таныстырды», - делінген мақалада.

Брифингте ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасы тапсырмасы бойынша үлкен тұжырымдама жасалып, оның Үкімет отырысында талқылаудан өткенін мәлімдеді. Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу аясында қолға алынатын маңызды шараның бірі - 20 сериялы телехикаяның түсірілімі. «Мерейтой қарсаңында ғылыми конференциялар ұйымдастырылып, деректі және көркем фильмдер жарық көреді. Оның ішінде, Елбасының тапсырмасымен Қазақ хандығына арналған 20 cериялы телехикая түсірілетінін ерекше атап өткім келеді. Қазіргі кезде ғалымдардың анықтауымен тарихымыз айқын жолға түсті, енді біздің алдымызда оны көркемдік белеске шығару міндеті тұр», - деді ведомоство басшысы.

***

«Оңтүстік Қазақстан облысында жиіркенішті оқиға орын алды. Жетісай қаласында 15 жасар қызды алып қашқан жігіт бойжеткенді зорлаған», - деп жазады «Экспресс К» басылымы «Рабыня в бантиках» атты мақалада.

Анықталғанындай, ескі дәстүрді жалғастырып, қызды алып қашуға келісімін берген оның шешесі болып шықты. Шымкент қаласының 15 жастағы мектеп оқушысы Мәдина (есімі өзгертілген) бір жарым ай бұрын жоғалып кеткен. Бұл туралы мектептегі оқытушылар прокуратураға хабар беріпті. Мектеп басшылығы мәлім еткендей, қыздың ата-анасы айырылысқан және оқушы қыз өз шешесінің үйінде, Жетісай қаласында болуы ықтимал деп болжаған.

Құзырлы органдар қызды іздестіру үшін арнайы жедел топ құрды. Мектеп оқушысы табылды. Мәдинаның анасы оған ұялы телефон алып беремін деп Жетісай қаласына шақырып алғаны белгілі болды.

«24 қазан күні Мақтаарал тұрғыны азаматтық некеде тұру үшін оны алып қашқан және зорлаған. Қыздың анасы барлығын білген», - деп хабарлайды Абай ауданы прокурорының орынбасары Ермек Айтымов.