Әлемде болып жатқан террорлық әрекеттер

АСТАНА. ҚазАқпарат – Дамаскіде 3, Малиде 10, ал Пәкістанда 46 адам 27 шілдеден бергі лаңкестік әрекеттерден қаза болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Терроризмге қарсы орталығының әлемдік БАҚ-қа жасаған шолуына сілтеме жасап.

Сирияның Дамаск қаласында 27 шілде күні жарылғыш зат байланған мотоцикл жарылып, 3 адам қаза болды және 20-сы жарақаттанды. Лаңкестік әрекетке жауапкершілікті «ИГИЛ» (Қазақстанда тыйым салынған – ред.) тобы өз мойнына алды.

Малиде осы күні «Жамаат Нусрат Аль-Ислам Валь-Муслимин» тобының содырлары Мопти округіндегі ҚК гарнизонына шабуыл жасап, 10 әскери қызметкер көз жұмды, тағы 4-еуі жарақаттанды.

Пәкістанның солтүстік-батысындағы Хайбер-Пахтунхва провинциясында 30 шілде күні «Жамиат Улема-и-Ислам-Фазл» жұмысшыларының Баджаурдегі митингі кезінде лаңкес өзін-өзі жарып, 46 адам өлді және 100 адам жарақат алды.

Айта кетсек, Пәкістанның солтүстік-батысында бір жыл ішінде 666 террорлық әрекет тіркелген. 2022 жылғы 18 маусымынан бері атыс қаруымен 382, гранат жарумен 107, қолдан жасалған жарылғыш заттармен 145 лаңкестік әрекет жасалған. Сондай-ақ, 15 рет реактивті граната атқыш қолданылса, 15 лаңкес өзін-өзі жарған. 2 жағдайда машинаға мина қойылған.

Грузияның арнаулы қызметі «террорлық іс-қимыл және «ИГИЛ» (Қазақстанда тыйым салынған – ред.) тобымен байланысы бар» деген күдікпен елдің 2 азаматын ұстады. Олардан аталған ұйымның таңбалары салынған жалаулар, электронды құралдар, қару-жарақ, жарылғыш заттар тәркіленген.

Биыл Батыс Африкада 1 800-ден астам террорлық әрекет тіркелді. Жоғары лауазымды шенеунік Омар Турейдің айтуынша, гуманитарлық қиындықтар туындады, 4 600-дей адам бақилық болды.

Омар Турей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мәлім еткеніндей, Батыс Африка елдерінің экономикалық қауымдастығында (ЭКОВАС, 15 ел кіреді) жарты миллион адам босқын саналады және 6,2 млн жуық адам – ішкі қоныс аударушылар. Айтуынша, 30 млн адам азық-түлікке мұқтаж, егер халықаралық тұрғыда ықпал болмаса, келесі айдың соңында олардың саны 42 млн жетуі мүмкін.

ЭКОВАС Комиссиясының президенті Омар Турей келесі қауіптерді атайды: терроризм, қарулы көтерілістер, ұйымдасқан қылмыс, биліктің заңсыз ауысуы, заңсыз теңіз қызметі, экологиялық дағдарыстар мен жалған жаңалықтар.

Мароккода 27 шілде күні өткізілген арнайы операцияда лаңкестермен байланысы үшін 50 адам ұсталды. Ұсталғандар «ИГИЛ» және «Аль-Каида» (Қазақстанда тыйым салынған – ред.) ұйымдары қатарына өткен.

Ирактың солтүстігіндегі Синджар қаласында өткен Түркия ұлттық барлау ұйымының арнайы операциясы кезінде Күрдістан жұмысшы партиясы жетекшілерінің бірі жойылды. Месут Джелал Османның Сирияда жастарды тартып, Түркия ҚК-не қарсы көптеген террорлық әрекет ұйымдастырғаны айтылады.

Түркияның шығысында Күрдістан жұмысшы партиясының лаңкестік әрекеттерге қатысы бар содыры Гювен Озджан жойылды. Бұл туралы Түркия ІІМ басшысы Али Йерликай мәлім етті. Ол Редур Сисер лақап атымен танылған және 10 тәртіп сақшысы көз жұмған Түркия аумағындағы 4 лаңкестік әрекетті ұйымдастырушы және орындаушы болды.

Пәкістан полициясы терроризмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Пенджаб провинциясының аудандарында бірқатар операция ұйымдастырып, 17 лаңкесті тұтқындады. Тыйым салынған топтар, соның ішінде «Техрик-и-Талибан Пакистан» мен «ИГИЛ» (Қазақстанда тыйым салынған – ред.) тобының мүшелері бейбіт тұрғындар мен шетелдіктер көп жиналатын жерде террор жасамақ болғаны айтылады.

Өзбекстанның Андижан облысының тұрғыны сотталды, ол бірнеше мәрте Сириядағы содырлар қатарына қосылмақ болған. Ер адам 8 жыл 1 айға бас бостандығынан айырылды. Оны түркиялық шекарашылар ұстап, Өзбекстанға депортациялаған.