«Әлемде дағдарыс болса да Қазақстан дами береді» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 4 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 4 ақпан, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Кеше Ауыл шаруашылығы министрлігінде Премьер-Министр­дің бірінші орынбасары Серік Ахметовтің қатысуымен министр­лік­тің кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Онда 2011 жылдың жұмысы қорытындыланып, 2012 жылдың міндеттері белгіленді. Осыған орай, «Егемен Қазақстан» газетінде «Аграрлық сала міндеті ауқымды» деген тақырыппен мақала басылды. Негізгі баяндаманы жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Асыл­жан Мамытбековтің айтуына қарағанда, өткен жыл еліміздің аграрлық секторы үшін жемісті болды. 30 миллион тоннаға жуық астық орылды. Ауыл шаруа­шы­лығындағы жалпы өнім көлемі 2,2 триллион теңгені құрап, 2010 жыл­мен салыстырғанда 27 пайыз­ға артты. Басылымның атап өтуінше, алқа мәжілісін қорытқан Үкімет басшысының бірінші орынбасары С.Ахметов, аграрлық саланың алдына заман талабына сәйкес көптеген міндеттер қойды. Азық-түлікті тұрақтандыру қорын да­мы­ту, қазақстандық үлесті арт­тыру, өңдеу өнеркәсібін нығайту мәселелерінде назарға алатын шаруалар аз емес. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігінің ал­дына алдымыздағы ақпан айында өңдеу өнеркәсібін дамыту жөнін­дегі жаңа тұжырымдаманы әзір­леу­ді тапсырды.

«Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Серік Ах­метовтің қатысуымен Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Онда негізгі баяндаманы Агенттік төрағасы Серік Нокин жа­са­ды. Алқа отырысында тұрғын үй құрылысының, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың және елді мекендерді сумен жабдықтау бағдарламаларын іске асырудың аралық қоры­тындылары қаралды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның хабардар етуінше, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына сәйкес өткен жылдан бері тұрғын үй секто­рын­дағы көп пәтерлі үйлерді жөндеу қайтарымды негізде, екі тетік бойынша бюджеттің қаражаты есебінен жүргізіліп жатыр. Жалпы, бірінші және екінші тетік бойынша 2011 жылы 373 үй жөнделген. Бұл жайында «Тұрғын үй құрылысы қарқындамақ» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында экономика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, академик  Сағындық Сатыбалдинмен арадағы сұхбат «Әлемде дағдарыс болса да Қазақстан дами береді» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ғалым, тақырыпқа тұздық болған дағдарыс кезіндегі еліміздің дамуына қатысты жеті ұсыныс айтады. Мәселен, ғалым бірінші ұсынысында ұлттық қорларымыздағы байлығымыздың кем дегенде 30 пайызын биыл алтынға айналдырып қою керек дейді. «Айталық, АҚШ өз қорының 70 пайызын алтынмен жинаған. Алтынның үлесі Германияда 50 пайызды құрайды. Ресейде бұл көрсеткіш 27 пайыздан асып тұр. Ал біздің Қазақстанда ол әлі күнге дейін 10 пайызға да жеткен жоқ. Ол ол ма, Ұлттық қордағы мол ақша шетелдік банктердің депозиттерінде жатыр. Нағыз табыссыз жол осы», - депті ол. С.Сатыбалдиннің қалған 6 ұсынысын білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі нөмірін жіберіп алмаңыз.

**

Былтырғы жылы елдегі дүрбелеңнен кейін отау көтерген Дін істері агенттігі де кеше өз алқасын өткізді. Қайрат Лама Шарифтың төрағалығындағы жиынға Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қатысуы еліміз үшін дін мәселесінің аса өзекті болып отырғанын онан сайын аңғартса керек. Бұл жайында «Алаш айнасы» газетінің сенбілік санындағы «Күзге дейін қайта тіркелмеген діни бірлестіктің ел аумағындағы қызметі тоқтатылады» деген тақырыптағы мақалада жан-жақты баяндалған. «Жаңа заңда бұрын болмаған бірқатар қағидатты ережелер бекітіліп, құжаттың әлеуеті қазірдің өзінде айқын біліне бастаған. Мәселен, заң  күшіне енісімен 579 саны аз діни топтың қызметіне бұрау салынған. Бұл ғана емес, діни бірлестіктердің жалпы санын жүйелеуде де жағымды өзгеріс баршылық. 2011 жылдың қаңтарында Қазақстанда 4551 діни бірлестік қызмет етсе, қазіргі уақытта олардың саны 3972-ге, яғни 13 пайызға азайды», - деп жазады басылым.

«Самұрық-Қазына» қоры Елбасының биылғы Жолдауы аясында белгіленген «Қолжетімді баспана» бағдарламасына қатысып, келесі жылдың өзінде 200 мың шаршыметр тұрғын-үйді тапсыруды жоспарлап отыр», - деп жазады «Алаш айнасы» «Самұрық-Қазына» 3,5 млн. шаршы метр тұрғын үй салады» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Елбасының тапсырмасына сәйкес, «Колжетімді баспана» бағдарламасы аясында салынатын жалдамалы тұрғын үйдің 1 млн. шаршы метрін салу міндеті «Самұрық-Қазына» қорына жүктеліп отыр. Бұл жұмысты «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ арқылы жүргізу көзделген. Қазіргі кезде Жолдау жүктеген осы бір маңызды міндетке қатысты нақты жоспар да жоқ емес. Оған сәйкес, 2012-2015 жылдары аралығында «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры» және «Самұрық-Қазынаның» өзі кезең-кезеңімен 500 мың шаршы метр көлеміндегі жылдық межеге шығуды жоспарлап қойған. Ал қалған 500 мың шаршы метрді Құрылыс істері жөніндегі агенттігі өз мойнына алып отыр.