Әлемде электромобильдердің көбеюі Қазақстанға қандай пайда әкеледі

  Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев әлемде электромобиль алатын адамдардың көбеюінен Қазақстанға қандай пайда келетінін айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: primeminister.kz

«Қазақстан өзінің ресурстық базасының арқасында бәсекеге қабілетті екендігі өте маңызды. Бұл тұрғыда мыс өндіру бағытын атап өтуге болады. Барша әлем «жасыл экономикаға», автокөліктерде электр қозғалтқыштарын орнатуға көшуге ерекше мән беріп отыр. Яғни, орта есеппен Tesla немесе басқа да электромобильдерде 2-3 электр қозғалтқыш орнатылады, онда 15-14 келі мыс орамасы бар», - деді Қ. Шарлапаев Сенатта депутаттар сұрағаны жауап бере отырып.

Оның айтуынша, алдағы жылдары электромобиль нарығы айтарлықтай өсуі мүмкін.

«Егер адамдар жаппай электромобильге отыра бастаса, барша әлемде мыс өндіру деңгейі еселеп артуы тиіс. Осы бағытта еліміз катодты мыс секілді дайын өнім шығарса, онда елімізде дамыту үшін нарық әлеуетінің деңгейі айтарлықтай жоғары», - деді министр.

Министр түсті металлургияда инвестиция көлемі шамамен 600 млрд теңгені құрайтын мыс балқыту зауытын (KAZ Minerals/ NFC) іске қосу жоспарланғанын айтты.

Катодты мыс жобасын іске асыру нәтижесінде Қазақстан әлемнің бес ірі өндірушісінің (Қытай, Жапония, Чили және Ресей Федерациясынан кейін) қатарына кіреді.