Әлемде ең алғашқы болып 3 компонентті плазманы зерттеген қазақ ғалымы философия докторы атанды

АЛМАТЫ. Шілденің 23-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Әлемде ең алғашқы болып үш компонентті плазманы зерттеген Бекболат  Аханұлы  философия докторы (PhD) атағына ие болды,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Академиялық бұл ғылыми дәрежені Бекболат Ташев Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінде иеленіп отыр. Оның  диссертациялық жұмысының тақырыбы  «Плазмадағы зарядталған бөлшектердің тежелуі немесе плазманың тежегіштік қастеті» деп аталады.

«Плазма дегеніміз, зарядталған бөлшектердің белгілі бір жүйе құрауы. Әлемнің 99 пайызын құрайтын плазманы адамдар  көз алдына қалай  елестетерін білмейді. Ол заттың үш күйіне де кірмейді. Ғылымның бұл саласы бізде қатты дамымаған. Жалпы ғылымның дамуын бірнеше сатыға жіктеуге болады. Оның алғашқысы - теориялық болжам, екіншісі - тәжірибе, үшіншісі - оның өндіріске енуі. Кеңес Одағы кезінде барлық тәжірибелік қондырығылар Ресейде болды. Бұл олқылықты түзету елімізде енді ғана қолға алынуда.  Курчатовта салынып жатқан Қазақстан токамагы деген қондырғы соның айғағы деуге болады»,  дейді Б.Ташев.  Оның ғылыми жұмысы, көп элементтен тұратын  күрделі жүйені   зерттеуде дүниежүзі бойынша  ең бастапқы еңбек болып табылады. 3 компоненті плазманың бұған дейін зерттеу нысанына айналмауын Бекболат  шетелдерде ғылымның экспериментпен қатар жүргізілуімен түсіндіреді. Өйткені олар  болжам  көзге көрінбейтін болса, оны зерттемейді. Сол себепті иондар тарапынан болатын тежелу қарастырылмай қалған.  Өзінің зерттеу жұмысына отандық ғалымдармен қатар шетелдік ғылыми жетекшілерді тартқан Бекболатты қазірдің өзінде алыс-жақын  шет елдердің ғылыми-зерттеу орталықтары өздеріне жұмысқа шақыруда.

 «Әрине онда ғылыммен алаңсыз айналысуға барлық жағдай жасалған. Зертханалық құрал-жабдықтар да жеткілікті. Алайда   ҚазҰУ-дағы  оқытушылық қызметті жалғастыру туралы ұйғарымға келдім. Осы жұмысым арқылы   елімнің әлемдегі еңселі де іргелі мемлекеттердің қатарына қосылуына   өз үлесімді қосқым келеді», дейді жас ғалым Бекболат Аханұлы.