Әлемде Қазақстан титанының үлесі артады
«Қазақстан брендтерін дамыту аясында әлемдік сегментегі титанның үлесін қазіргі 11 пайыздан 14 пайызға дейін арттыруды көздеп отырмыз»,-деді Б. Сағынтаев.
Осы ретте ол бұндай мақсат алдағы үш жарым жылға Индустриалды-инновацияық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында қойылып отырғандығын атап өтті. Бұл тұрғыда қара және түсті металлургия басымдықты маңызға ие болуда.
Бағдарламаның негізгі бағыттарында қолданыстағы кәсіпорындардың қуаттылығын арттыру, жаңа өндірістік базалық металдарды өндіру, еңбек өнімділігін арттыру қамтылғанына тоқталған ол: «Осы орайда біз үнемі инвестициялық тартымдылықты көтеру бойынша жұмыстарды жалғастырудамыз. Заңнамалық түрде инвесторлар үшін жаңа ынталандырушы тетіктер бекітілді», - деді.
Сонымен қатар Б. Сағынтаев мемлекеттік бағдарламаның бірінші бесжылдығы аясында Қазақстанның тау-кен металлургиялық кешенінде 2,5 млрд доллар сомасындағы 60 жаңа өндіріс іске қосылғанын еске салып өтті. Бұл бағытта 16 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары құрылды. Жалпы тау-кен металлургиялық саланың кәсіпорындарында 300 мыңнан астам адам жұмыс істеуде.