16:37, 26 Наурыз 2009
Әлемде қазір үш түрлі дағдарыс жүріп жатыр ? БҰҰ сарапшысы
АСТАНА. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының Астанадағы өкілдігінде БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының Азия және Тынық мұхит елдері бойынша жасаған шолуының тұсауы кесілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталмыш шолудың мақсат-міндеттерімен таныстырған БҰҰ-ның экономикалық және әлеуметтік комиссиясының сарапшысы Нобуко Каджиюраның айтуынша, шолуда Азия және Тынық мұхиты елдеріндегі макроэкономикалық жағдай сипатталады. Сонымен қатар онда осы аймақтағы елдерге төнуі мүмкін қауіп-қатерлердің жайы сараланып, бұл мәселелерді шешу жолдары қарастырылған. «Бұл құжат Азия мен Тынық мұхиты елдеріне қазіргідей дағдарыс жағдайында бірлесе отырып қызмет етуге, сөйтіп дағдарыспен күресуге мол мүмкіндіктер жасайды. Осы құжат арқылы біздің айтпағымыз әлемде қазір үш түрлі дағдарыс жүріп жатыр. Оның біріншісі қаржы дағдарысы, екіншісі мұнай мен азық-түлік және
шикізат дағдарысы. Үшіншісі климаттың өзгеруі», дейді сарапшы. Оның сөзіне қарағанда, дағдарыс Азия және Тынық мұхиты елдерінде басталған жоқ. Алайда дағдарыстан ең көп зардап шеккен аймақтар тап осылар болды. «Жалпы дағдарыс туралы айтатын болсақ, ол адамдар үшін күтпеген жағдай болған жоқ. Ең өкініштісі, әлем дағдарыстың негізгі себептерін назардан тыс қалдырды. Біз сонымен қатар дағдарыстың қаржы саласына дендеп енуіне жол беріп алдық. Дағдарыс 2000 жылы-ақ басталып, 2006 жылға дейін барынша күшейіп, өркениетке үлкен қауіп төндірумен болды. БҰҰ бұл қауіптер жөнінде сан мәрте ескерткен болатын. Дағдарыстың басты себептері тауарға деген үлкен сұраныстан туды. Оның бәрі АҚШ-тан басталды. Ал жалпыға қолжетімді несиелер бұл үдерісті одан сайын үдете түсті. Активтерге деген сұраныстың артуы да жағдайға кері әсер етті. Азия аймағында да осы тектес жағдай қалыптасты. Яғни ондағы елдердегі тауар мен инвестицияның күшті экспорты мыңдаған сома қаржының шетелдік валютаға айналуына ықпал етті. Сөйтіп Азиядағы ықпалды валюта АҚШ доллары болды», деді Нобуко Каджиюра.