Жобаны ELIRE Maritime компаниясы Ricardo UK, Schneider Electric және өзге серіктестермен бірлесіп әзірледі.
Кешен жалпы аумағы шамамен 1200 шаршы метрді құрайтын алтыбұрышты үш модульдік платформадан тұрады. Оның құрамына сыйымдылығы 45 МВт·сағ аккумуляторлар, отын элементтері, сутек генераторлары және күн панельдері кіреді. Жүйе үздіксіз 5 МВт-қа дейін қуат өндіре алады. Бұл орта санаттағы круиздік лайнерлер мен басқа да ірі кемелерді айлақта тұрған кезде электр энергиясымен қамтамасыз етуге жеткілікті.
Қондырғы бір апта ішінде шамамен 91 МВт·сағ электр энергиясын өндіріп, оған 7,5–8 тонна сутек жұмсайды. Отын ISO стандартына сай 7 контейнерде сақталады, ал қорды аптасына екі рет толықтыру қажет.
Жоба авторлары бұл технология порттарды көміртексіздендірудегі негізгі мәселелердің бірі — электр желісі инфрақұрылымының жеткіліксіздігін шешуге мүмкіндік береді деп есептейді. Дәстүрлі жағалаулық электрмен жабдықтау жүйелерін құру үшін қосалқы станцияларды жаңғырту, кабель желілерін тарту және көптеген келісім рәсімдерінен өту қажет. Ал жүзбелі энергоорталық мұндай шектеулерді айналып өтіп, жүйені әлдеқайда жылдам іске қосуға мүмкіндік береді.
Консорциум мен Ricardo UK мамандарының бағалауынша, бұл платформаны пайдалану кемелер айлақта тұрған кезде дизельдік генераторлармен салыстырғанда зиянды шығарындыларды шамамен 77%-ға азайтады. Бұл көрсеткіш сутекті өндіру, тасымалдау және сақтау шығындарын есепке алғанның өзінде сақталады.
Еске салайық, Қытай Қырғызстанның жаңа энергия көздеріне 1 млрд долларға дейін инвестиция салуға дайын.