Әлемде уранға деген сұраныс артады - Ғалымжан Пірматов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемде уранға деген сұраныс артады. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алдағы уақытта уранға деген сұраныс артады. Бұл тұрғыда көптеген елдер атом энергетикасын дамытуды жалғастыруда. 2017 жылмен салыстырғанда, 2030 жылға қарай әлемдік атом энергетикасындағы қуаттың дегейі 11 пайызға өсетіні айтылуда», - деді Ғ. Пірманов.

Оның сөзіне қарағанда, биылғы тамыздағы жағдай бойынша әлемде 443 ядролық реактор бар. Сонымен қатар, 17 елде 56 жаңа реактордың құрылысы жүріп жатыр.

Ғалымжан Пірматовтың атап өтуінше, уранды өндіру нарығында елеулі құрылымдық өзгерістер болып жатыр. Жалпы, уран саласына инвестиция салу - ұзақмерзімді перспективада өте тартымды болады.

Осыған дейін «Қазатомөнеркәсіп» IPO аясындағы мәмілені қарашада аяқтайтындығы хабарланды.