Әлемде жыл сайын 18 млн адам жүрек-қан тамырлары ауруларынан көз жұмады

Фото: Фото: ҚазАқпарат

Бүгін – Дүниежүзілік жүрек күні. Әлемде жыл сайын 18 миллионнан аса адам жүрек-қан тамыр ауруларынан көз жұмады. Мұндай статистиканы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының кардиологы Ботагөз Қыстауова келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының консультациялық-диагностикалық орталығының кардиологы, жоғары санатты дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қыстауованың айтуынша, биыл дүниежүзілік жүрек күнінің ұраны «Жүрек – өмір сүруге арналған».

Бұл күнді өткізудің мақсаты – қоғамның назарын денсаулықты сақтау мәселелеріне аудару, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алудың маңыздылығын атап өту.

«Жыл сайын әлемде 18 миллионнан астам адам жүрек-қан тамырлары ауруларынан қайтыс болады. Ағзалардың, организм жүйелерінің жағдайы және адамның өмір сүру ұзақтығы жүректің және бүкіл жүрек-қантамырлары жүйесінің дұрыс жұмыс істеуіне байланысты. Жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу денсаулық пен ұзақ өмір сүруді қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады», - дейді дәрігер.

Кардиологтың айтуынша, жүрек ауруымен қазір балалар мен жастар да жиі ауыратын болған.

«Диспансерлік аурулардың электрондық регистрі» ақпараттық жүесінің мәліметтеріне жүгінсек, елімізде қан айналымы жүйесінің аурулары бойынша – 1 760 744 пациент диспансерлік есепке алынған, оның 5914-і бала. Ал, артериальдық гипертонияға 1 628 155 адам шалдыққан. Оның 817 -і бала»,- дейді ол.

Маманның сөзінше, адамдардың жүрек ауруына шалдығуына бірнеше фактор әсер етеді. Ең біріншісі – өмір салтының өзгеруі. Сосын физикалық қозғалыстың азаюы, зиянды тамақтану, қант пен тұзды шектен тыс қолдану көп әсер етеді.

«Сондықтан, май, тұз және қантты шектейтін теңдестірілген рационды ұстану керек. Көкөніс, жеміс-жидек және құрамында магний бар тағамдарды көбірек тұтынған абзал. Тұрақты жаттығулар жүрек пен қан тамырларын нығайтады. Қалыпты салмақты сақтаған жөн. Темекі шегуден және алкогольді ішімдік ішуден бас тарту керек – темекі шегу және шамадан тыс ішімдік ішу жүрек пен қан тамырлары ауруларының қаупін арттырады»,- дейді дәрігер.