Бүгін VI Астана экономикалық форумы мен Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференцияның салтанатты ашылуы барысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.
Мемлекет басшысы сөз арасында әлем жұртшылығының әлеуметтік деңгейінің төмендеу мәселесіне тоқтала келе, жаһандық жұмыссыздық деңгейі де үздіксіз өсіп отырғанын атап өтті.
«Дүнежүзілік еңбек ұйымының болжамды мәліметтеріне қарағанда, ағымдағы жылдың өзінде әлемде жұмыссыздар саны 200 млн. адамды құрады. Ағымдағы жылдың басында-ақ Еуропада 26 млн. жұмыссыз тіркелген болатын. Бұл осыдан 5 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,5 есеге көп», - деді Н. Назарбаев.
Бұл ретте Елбасы көптеген мемлекеттерде білім беруге, денсаулық сақтау мен адами әлеуетті дамытуға бағытталған шығыстар қысқарып жатқанын айтып, бұның барлығы жаһандық әлеуметтік дағдарыстың көрінісі екеніне тоқталды.
«Осының өзін адамның, жалпылама дамыған қоғамның өмір сүруіне төніп тұрған қатер деуге болады. Оксфорд сарапшыларының бағалауы бойынша жалпылама аз қамтылған адамдардың басым бөлігі «Үлкен жиырмалық» тобы мемлекеттерінде өмір сүріп жатыр. 250 млн.-ға тарта адам жайлы өмір іздеп, әлеуметтік проблемалардан бас сауғалап көшіп-қонуда. Сонымен бірге, басым мемлекеттердегі орын алған әлеуметтік әділетсіздік қаржы-экономикалық тиімсіздіктің, дағдарыстың көрінісі болып табылады», - деді Н. Назарбаев.