Әлемдегі ең ірі гуманитарлық дағдарыс: Ауғанстан халқы өте қиын жағдайда тұр

АСТАНА. KAZINFORM – Ауғанстан мәжбүрлі қоныс аударуға байланысты әлемдегі ең ірі гуманитарлық дағдарыстардың біріне тап болды. Ел тұрғындары кедейлік, құрғақшылық және жер сілкіністері салдарынан үйлерін тастап кетуге мәжбүр, деп хабарлайды БҰҰ жаңалықтар қызметі .

Фото: ЮНИСЕФ/О. Фазель

БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) дайындаған Ауғанстанға арналған жаңа әлеуметтік-экономикалық шолуда айтылғандай, қырық жылдан астам уақытқа созылған соғыс салдары, халықтың жаппай оралуы, климаттық күйзелістер, экономиканың тұрақсыздығы және әйелдердің қоғамдық өмірге қатысуының қысқаруы тұрғындардың күнкөрісіне кері әсер етіп, негізгі қызмет көрсету жүйесіне ауыр салмақ түсіріп отыр.

– Ауғанстанда дағдарыстар ешқашан бөлек-бөлек болмайды, – дейді БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары Бархам Салихпен бірге Ауғанстанда іссапармен жүрген БҰҰДБ басшысы Александер де Кроо.

БҰҰ өкілдері елге оралған ауған азаматтарымен, жергілікті гуманитарлық серіктестермен және ресми тұлғалармен кездесулер өткізіп жүр.

Тек соңғы жылдың өзінде жойқын жер сілкінісі көптеген тұрғын үйді қиратып, мыңдаған адамды күнкөріс көзінен айырды. Сонымен қатар кедейлік ел халқының басым бөлігі үшін әлі де өзекті мәселе болып отыр.

Қазір Ауғанстан халқының 74 пайызы немесе шамамен 29 миллион адам ең қажетті тұрмыстық заттарға қол жеткізе алмай отыр. БҰҰДБ мәжбүрлі қоныс аударғандарға және оларды қабылдап жатқан қауымдастықтарға күнкөріс көздерін қалпына келтіруге әрі жаңа өмір бастауға қолдау көрсетіп келеді.

Бірлескен сапар барысында БҰҰ агенттіктерінің басшылары Джелалабад қаласына барып, жер сілкінісінен зардап шеккен тұрғындармен кездесті. Сондай-ақ олар Александер де Крооның айтуынша, «сәтті қалпына келтірудің үлгісіне айналған» Сутан аңғарына барды.

Жер сілкінісінен қатты зардап шеккен Сутан аңғарында қалпына келтіру жұмыстарының алғашқы нәтижелері байқала бастады. Су тасқынынан қорғау және ирригацияны дамыту жобалары аясында әйелдер металл торлы құрылымдар жасап, ерлер қорғаныс нысандарын салуға арналған кірпіш өндіріп жатыр.

Мұндай шаралар табиғи апаттардың қаупін азайтуға, ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғауға және жаңа табыс көздерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

– Шұғыл гуманитарлық көмек адам өмірін сақтайды, ал даму саласындағы қолдау адамдарға өз өмірін қайта қалпына келтіруге көмектеседі, – деді Александер де Кроо.

БҰҰ агенттіктері осы және өзге де ортақ мақсаттарға қол жеткізу бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Былтыр БҰҰ-ның Ауғанстан жөніндегі Арнайы мақсатты қорының қолдауымен іске қосылған бастама елдің солтүстік-шығысындағы ұзақ мерзімді шешімдердің негізін қалауға бағытталған. Ол жергілікті қауымдастықтарды тұрғындардың оралуына дайындауды, елге қайтып жатқан ауған азаматтарын қолдауды және орнықты қалпына келтіруге жағдай жасауды көздейді.

Бұдан бөлек, «Қайтып келгендер орналасқан аудандарды кешенді дамыту жөніндегі бірлескен іс-қимыл» жобасы Кундуз және Бағлан провинцияларындағы үш ауданның 69 елді мекенінде тұрғын үйге, негізгі қызметтерге және табыс табу мүмкіндіктеріне қолжетімділікті жақсартуды, сондай-ақ қабылдаушы қауымдастықтардың, елге оралған ауғандардың және ішкі қоныс аударған адамдардың тұрмыс жағдайын жақсартуды қарастырады.

Сонымен қатар БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасы көші-қон бағыттарының барлық кезеңінде кешенді тәсілді жүзеге асырып, жолдағы адамдар үшін қауіп-қатерді азайтуға және баспана беру жүйесін нығайтуға күш салып келеді.

Болжам бойынша, биыл 570 мыңнан астам ауған азаматын үшінші елдерге қоныстандыру қажет болады. Осыған байланысты БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасы оларды қабылдау мүмкіндіктерін кеңейтуді, оның ішінде білім алу, еңбек көші-қоны және отбасы мүшелерін қайта қауыштыру бағдарламалары арқылы қолдауды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, маусым айында қазақстандық дәрігерлер Ауғанстанда ондаған күрделі операция жасады.

Сондай-ақ Қазақстан Үкіметі Ауғанстанға 319 тонна гуманитарлық көмек пен дәрігерлер тобын жібергенін жаздық.