Әлемдегі ең ірі криптовалюта биржасы АҚШ әділет министрлігіне $4,3 млрд айыппұл төлейді
Қытайлық The Paper хабарлауынша, әлемдегі ең ірі криптовалюта биржасы Binance және оның бас директоры Чжао Чанпэн АҚШ Әділет министрлігімен келісімге келген. Бұған дейін АҚШ Әділет министрлігі ақша жылыстатты және санкцияны бұзды деген күдікпен Binance-ке көпжылдық тергеу жүргізген еді.
21 қарашада АҚШ Әділет министрлігі әлемдегі ең ірі Binance криптовалюта биржасын басқаратын Binance Holdings Limited (Binance) ақша жылыстату, санкция бұзу және лицензиясыз ақша аудару секілді күдікті әрекеттерге қатысқанын мойындағанын хабарлады.
АҚШ Әділет министрлігі Binance жалпы сомасы 4,3 млрд доллар айыппұл төлеуге келіскенін айтты.
Сонымен қатар, Binance негізін қалаушы және бас атқарушы директоры (CEO) Чжао Чанпэн ақша жылыстатуға қарсы тиімді бағдарламаны жүргізе алмағанын мойындады және Binance бас директоры қызметінен кетті.
«Қателік жасадым және жауапкершілікті өз мойныма алуым керек. Бұл біздің қауымдастыққа, Binance және өзім үшін де ең жақсы шешім деген ойдамын», — деп жазды Чжао Чанпэн X платформасында (бұрынғы Twitter).
АҚШ Әділет министрлігі сот құжаттарына сәйкес Binance өсу мен пайданы басты орынға қойғанын мойындағанын атап өтті.
АҚШ Әділет министрлігі Binance ақшаны жылыстатуға қарсы тиімді бағдарламаны жүзеге асырмағанын және АҚШ азаматтарының санкцияланған елдермен транзакция жүргізуіне жол бермеу үшін шара қолданбағанын мәлімдеді.
АҚШ Әділет министрлігінің айыптауына сәйкес, Binance 2018 жылдың қаңтары мен 2022 жылдың мамыры аралығында АҚШ пайдаланушылары мен Иранда тұратын пайдаланушылар арасында 898 миллион доллардан астам соманы әдейі транзакциялаған.
«Бүгінгі күн — виртуалды валюта индустриясы үшін маңызды күн. АҚШ-тың қаржы жүйесінен пайда көргісі келетін кез келген мекеме, қай жерде орналасқанына қарамастан, бәрімізді террористерден, дұшпандық шетелдік державалардан және қылмыстан қорғау үшін АҚШ заңдарын сақтауы керек. Олай етпесе жазаға тартылады», — деді АҚШ Қаржы министрі Джанет Йеллен.
Forbes China мәліметінше, келісімнің бір бөлігі ретінде Чжао Чанпэн сейсенбі күні түстен кейін Сиэтлдегі федералды сотқа келіп, ақшаны жылыстатуға қарсы күрес пен санкцияларды бұзу бойынша кінәсін ресми түрде мойындады.
Сонымен қатар, Binance АҚШ әділет министрлігімен, тауар фьючерстерінің сауда комиссиясымен, қазынашылық департаментінің қаржылық қылмысқа қарсы күрес желісімен (FinCEN) және шетелдік активтерді бақылау басқармасымен (OFAC) келісімге келді.
Бес жылдық қадағалау келісімі бойынша АҚШ-тың Қаржы министрлігі Binance-тің әртүрлі қаржылық жазбаларын тексеруге құқылы.